Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Дәурен Берікқажыұлы, ақын: Қырық жастан асқан соң өлімің де өмір секілді көзіңе көрінеді

"Ең үлкен мәселе-калька болып кетті"

25.09.2014 | 08:49
Дәурен Берікқажыұлы, ақын: Қырық жастан асқан соң өлімің де өмір секілді көзіңе көрінеді Дәурен Берікқажыұлы

Жақында Дәурен Берікқажыұлының «Муза» атты жаңа жинағы жарық көрді. Бұл жинақта ақын жаңа қырынан танылады. Оқырманына отты да жалынды жырларымен белгілі Дәурен сыры тылсым,  айтары мол сезімді жырлар ұсыныпты. Биыл жасы қырыққа толған ақынның жырлары да «қыннай шыққан қылыштай қылпылдап» тұрғанына осы «Муза» қанықтыра түсті.

Рейтинг: 1996 жылы алғашқы жинағы тілдей кітапша болып шыққан, әдебиетке жанкештілікпен келген буынның өкілісіз. Содан бергі 20 жылға жуық уақытта қалағаныңызша жаза алдыңыз ба? Сол кездегі арын қандай еді?

Дәурен Берікқажыұлы: «Ең бақытсыз адам – қоғамдық формация ауысқан кезде дүниеге келген адам» дейтін бір нақыл бар. Сол айтпақшы, біз бір формация ғана емес, тұтас дәуір, мыңжылдықтар өткелінде қолына қалам ұстаған ұрпақпыз. Мұны айтып отырғаным, жазу инерциясына, басқа-басқа, бізге әсер еткен факторлар өте көп болды. Көсіліп жаздым деп айта алмаймын. Өз басымда бірнеше жыл қатарынан ештеңе жаза алмай кеткен сәттер болды. Әмірханша қайырсақ:

–  «Бір ғасырдың аяғы, бір ғасырдың басында,

Шабыттары құлыпта, шашы ағарған отызда,

Қырығында қарт болған ақындардың болғанын

Ей, уақыт, ұмытпа!»

Рейтинг: Әдебиет әлемі сіз елестеткендей болып шықты ма? Несіне таң қалдыңыз, несінен  жиіркендіңіз?

Дәурен Берікқажыұлы: Қуанатыным, «Могиканның соңғы тұяғындай» болған Өтежан, Фариза сияқты тұтас дәуірдің атынан сөйлей алатын аға-апалармен таныс-біліс болып қана қоймай, жақсы араластық. Әңгімелерін тыңдадық, мейірімін көрдік. «Неге таң қалдыңыз?» дегенге келсек, «өлетін жерін білмейтін» шынайы ақындардың бұл өмірде әлі де болса Әбубәкір (Қайран) ағамыздың бейнесінде көз алдымызда жүргеніне таң қалдым. Серік Томанов ағамызды көргенде, ақын деген халық жоғары технологиялар дәуірінде тек қазақтарда ғана қалғандай көрінетін. Жиіркенетін нәрсе... замандастарымның жалпақ жұртқа сүйкімді көрінгісі келетіндігі.  

Рейтинг: Биыл сіздің құрдастар 40 жасқа толып жатыр. Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде әдемі кеш жасап, атап өттіңіздер. 40 жас қандай екен, әдебиет үшін?

Дәурен Берікқажыұлы:

«До сорока яснее цель.

До сорока вся жизнь как хмель,

а в сорок лет – похмелье...» дейді Евтушенко. Сол айтпақшы, өз басым өмірді енді ғана танығандай болып жүрмін. Қырыққа дейінгі өмірім мүлде басқа – алаңсыз өмір екен, қарап отырсам. Қырық дәл өзім үшін «катастрофический» жас болды. Жүрекке көп салмақ түсіп кетті биыл. Қысқасы:

Арсыз ойын өлтірді оны, мені...

Өлең жазсам, өксік жыр өріледі.

Қырық жастан асқан соң өлімің де

Өмір сынды көзіңе көрінеді!

Рейтинг: Жырларыңызда бір рух бар. Үнемі рухты шығармаларды аударасыз. Бұл ішкі сенім бе, шексіз оптимизм бе?

Дәурен Берікқажыұлы: Мені көбінесе «неге сізде пессимистік көңіл күй басым?» деп жазғырады қайта. Оптимизмді өзіңе қатысты естіген біртүрлі сүйкімді екен... Рух бар деп жатырсың ғой, рахмет... мен үшін бұл үлкен баға! Өлеңді оқығанда адам таңқалу керек. Таңқалмаса, оның несі өлең? Өз басым шын тәнті болған адамды ғана аударам. Негізі, оқығаның көбейген сайын, таң қалатын дүниең азая беретін сияқты. Әлбетте, жүрегің дауаламайтын ақындар да болады. Аударсам, өз биігінен көрінбей қала ма деп қорқасың. Мені соңғы жылдары қатты таң-тамаша еткен екі ақын болса, оның бірі – Юнна Мориц, екіншісі – Ованес Григорян.

Рейтинг: Есенқұл ақынның қазасын естігенде, Астанадан көлігіңізді тізгіндеп тартып кеткен ақындардың бірісіз. Ақын ағамен үндестігіңіз, байланысыңыз қандай болды? Қазіргі жас ақындарда дәл осындай тілеулестік, бірлік байқала ма?

Дәурен Берікқажыұлы: Мақтанды десе, мақтанды десін, бірақ көзі тірісінде «Есағаңды іздеп барайық, мұндай ақынмен іргелес тұрып, бармау, араласпау деген ұят қой. Ертең қайсымыздың қайда жүретінімізді кім біледі?!» деп зар қақсайтынмын айналамдағыларға. Ақыр аяғы үш-төрт замандасымызды зорлағандай етіп алып барғанымыз бар. Соған күні бүгінге дейін қуанам. Есенқұл – табиғи ақын. Ол ештеңені де күрделендірмейді, әсірелемейді; қалай бар, солай жазады. Халыққа жақын болатыны да содан. Есенқұл маған Роберт Бернс сияқты көрінеді. Оның қадір-қасиетін әлі де ұға алмай жатыр көп жұрт. Басқасын былай қойғанда, ақын-жазушылардың өзі Есенқұлдың шығармашылығымен жақсы таныс емес. Әлі де болса оны айтыскер бейнесінде көру басым сияқты.

Рейтинг: Астана сіздің шығармашылығыңызға қалай әсер ете алды? Жаңа ортада туған жаңа жырларда қандай сезім басымырақ?

Дәурен Берікқажыұлы: Астана мені Абайға жақындатқан сияқты. Көшіп келген жылы қыста «Абай жолын» қайта қолыма алдым. Жер ауыстырған адамның көңіл-күйі қаншалықты құлазитыны белгілі ғой. Сол кездегі депрессиядан алып шыққан жалғыз кітап сол болды. Асқан махаббатпен оқыдым. Астанаға келгелі бері жиһанкез болып та алған сияқтымын. Қордың жұмысы бар, басқасы бар – біраз ел-жер араладым, шүкір. Ол да шығармашылыққа әсер етпей қоймайды. Мен өзі табиғатымнан сараң жазатын адаммын. Өзімнің байқауымша, соңғы жазған өлеңдерімде, салыстырмалы түрде, әрине, позитив көп сияқты. Оның дені және махаббат тақырыбына арналған.

Рейтинг: Ақынды қоғамның барометрі деп жатамыз. Бүгінгі қазақ қоғамында қатты алаңдайтын, я қатты ширығатын жайт қандай сіз үшін?

Дәурен Берікқажыұлы: Ештеңеге селт етпейтін сезімсіз, өзімде ғана болсын дейтін нағыз эгоист, өмірі тойдым деп айтпайтын тоғышар бір қоғам ғой. «Көрсем, білсемнің» орнын «ішсем, жесем» басқан ең қорқынышты, ең аяр ортада қалай өмір сүріп жатқаныма таңқалам.

Рейтинг: Өлеңіңізді, әдеби мұраңызды үшінші я төртінші ұрпағыңыз түпнұсқадан оқи алмайтындай жағдайға біртіндеп бара жатқан жоқпыз ба? Мұндай қауіп сізде бар ма?

Дәурен Берікқажыұлы: Жаным ауыратын ең үлкен мәселе – бәрі калька болып кетті. Таза қазақы сөз орамдарын есту мұң болды, шыны керек. Ертегі оқысаң, жартысын түсіндірумен шаршайсың. Марқұм Өтежан ағамыз айтушы еді, «әлі мен сияқты қазақша сөйлейтін шалға таңқалатын болады кейінгілер» деп. Сол айтпақшы, қазірдің өзінде қарапайым қазақтың жалпақ тілінде сөйлейтін кемпір-шал қалмай барады. Қазақ тілі өле қоймас, бірақ нәрі мен сөлі жоқ, жасанды, жылтырақ «аударма» тіл болатын шығар осы бетімен кете берсе. Табиғатымыздың да, бар болмыс-бітіміміздің де ұсақталып, арзандап кеткені содан екенін кімге ұқтырасың мұндайда?!

Рейтинг: Неден үміттенесіз, неден түңілесіз?

Дәурен Берікқажыұлы: Папасын – әке, мамасын шеше деп шақыратын періштелерге үміт артсам, «өмір сүру – ішіп-жеу» деп, «ішіп-жеу – өмір» деп ұғатын, елдік сана, мемлекеттік ұғым  қалыптаспаған отандастарымнан түңілемін.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

 "Рейтинг" газеті  

 

***

Көздеріңнің бір ойланып, бір күлген,

Өзекті өртер дерт боларын кім білген?!

Бір-ақ рет билеймін деп өзіңмен,

Біраз уақыт есеңгіреп жүрдім мен.

 

Біраз уақыт өз-өзіме келе алмай,

Біраз уақыт ақылыма ере алмай,

Жынды болдым, көз алдымнан біраз күн,

Сенен басқа жан адамды көре алмай.

 

Арбап және әдеттенген жиі алдап,

Саусағыма сарқылмаған сиямды ап,

Біразырақ ақын да боп үлгердім,

Біраз уақыт оны-мұны қиялдап.

 

Сүйемін деп, айтпасаң да сенем деп,

Тосын хабар алатындай сенен бек.

Ханзададай асыл затын жоғалтқан,

Біраз уақыт жүрдім әйтеу елеңдеп.

 

Біраз уақыт арқыратып, бірер күн…

Біраз уақыт өзің болып күлер түн?!

Біраз дейтін бірақ осы бір сөзде

Тұтас тағдыр тұрғандығын білер кім?

Дәурен Берікқажыұлы

Көрілді: 2735
Жаңартылған: 25.09.2014 | 08:57
Категориялар: Мәдениет, Мәдениеттегі басты жаңалықтар
Белгі: ақын, Дәурен Берікқажыұлы