Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ, суретші: БІЗДІКІ – ҰЛЫ СУРЕТШІГЕ ЕЛІКТЕУ ҒАНА

Көңілің кеткенде сурет әлеміндегі ұлыларға қызығасың..

23.07.2014 | 19:38
Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ, суретші: БІЗДІКІ – ҰЛЫ СУРЕТШІГЕ ЕЛІКТЕУ ҒАНА Жеңіс Кәкенұлы, суретші

Рейтинг: Жеңіс аға, бүгінгі сұхбатымыздың бір ерекшелігі болсын: сізге сұрақтарды Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшаңызда жазған ойларыңызға байланысты қояйын. Сіз де шынайы жауап беріңіз. «Ақ зер» атты кітабыңыздағы ойларыңызды түртіп қойып жүресіз. «Қай заманда дүниеге келмедім» деп кейіп жүрсіз? Өзіңіз қай заманға лайықсыз, жалпысында?

Жеңіс Кәкенұлы: Сен қу бала, өз сөзімді өзіме бүгін қуырып берейін деген екенсің. Жалпы түйіп айтқан сөздерім, яғни, желі парақшасындағы пікірлерім комментарийді сонша қажет етіп тұрған жоқ. Десек те, «тарқатып бер» дейтін емеурінге бой беріп көрелік. Мына сұрағың: «Қай кезде дүниеге келмедім» деп кейігендеймін? Өзінің қазағының үйін өзі бульдозермен күреп, он жалаң аяқ көшеге шықса, отыз керзі етікті келіп желкелейтін бүгін туылдым деп пе; идеологиямен улап, мәңгіп жүрсе де «бізден керемет ешкім жоқ» дейтін, көбесінен қан кеппеген кеше тумадым деп пе; екі-үш ғасыр қалмақ-жоңғармен соғысамын деп империяға қапыда жем болған арғы күні дүние есігін ашпадым деп пе; жоқ, мына жағы айдаһар, мына жағы аюды ықтырып отырған әз-Тәукенің тұсында өмірге келмедім деп ренжиін бе?!
...Рас айтады Мағжан ақын:
– Абақты ғой бұл өмір саналыға, –
дейтін жазбама арналған секілді. Тәңірдің жасаған ісінде қылаудай кінарат жоқ. Мені осы заманның пендесі қылған екен, «басқа ғасырда тумадым» деп қиғылық салуға да, кеюге де қақым жоқ. «Тәубе» деп тіршілігімізді кеше береміз. Тек Ібіліспен қоса Адам Ата-Хауа Ана жұмақтан қуылып, осы жер бетін мекен етіп отырғанда, төңірегіңе сана көзімен қарасаң – өмір бақи рахат кешіп жүре алмайтын көрінесің. Әр заманның өз сұрқылтайы бар екен. Қай ғасырда да бұқара халық екен қиындық пен ауырлықты көтеріп, иығы жауыр болатын. Мұнда жалқыны емес, жалпыны меңзеп отырмын.

JenisKakenuli

Рейтинг: Қылқаламыңыздан туған «Сәйгүлік семантикасы» сериясы адам ойын сан қиырға жетелейді. Жылқы мінезді қазақпыз. Дегенмен шығармашылығыңыздың сүбелі бөлігінде сәйгүліктерге қайырылуыңыздың ерекше себебі бар ма?

Жеңіс Кәкенұлы: Халқымыздың өткен шағының тікелей жылқы баласымен тығыз байланысты екенінде. Өздеріңізге белгілі (әлем ғалымдары мойындап қойған), жылқы әуел баста  қазақ жерінде, Сарыарқа даласында үйретілген. Содан бері мыңдаған жылдар біздің ел осы бір қастерлі жануармен ғазиз өмірін бірге өткізді. Жауға шапты, Отанын қорғады, бәйгеге түсті, додаға салды, қыз қуды. Ғұмырының мәніне, тіршілігінің айнымас серігіне айналдырды. Тіпті, көшсе – көлік, ішсе – тамақ, кисе киім  қылды.

Сәндеп арғымақ бақты. Оны жабымен қосып, жауға мінер Қазанат алды. Сөйтті де, селекция ғылымының асқар шыңына шықты. Тек жылқыға ғана өмірін арнаған Жылқышы, Бапкер, Тапкер, Атбегі, Атсейіс, Сыншы, Додашы, Шабандоз дейтін жандар өтті.

Кеше «Екі жирен», «Бурылтай», «Маңмаңкер» деп әнге қосты. «Баспа-бас қызға бермес жануарым» деп әспеттеді.

Бүгін  қазақ суретшілерінің үйірсек тақырыбына ұласты. «Көкпар», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Аламан», «Аударыспақ» атаулы не бір жақсы картиналар дүниеге келді.

Ал мендік шығармадағы басты ерекшелік – жылқының адам деңгейіне көтерілуі. (Байқасаңыздар, мен жылқының үстіне балақайдан басқа ешкімді де мінгізбедім.) Менің картиналарымда Олар тап өзіміз, адамдар секілді қуанды, шаттанды, ұшты.., мұңайды, құлады, аранға түсті, ажал құшты.

«Ата-баба осынша жерді найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қорғады» деп мақтан қылатын бүгінгі ұрпақтың қаперіне «елді-жерді жылқымен де қорғады, тәуелсіздік мұратына жеткізгеннің бірі де осы Қамбар Ата» дегім келеді.

Шығармашылық жолының белгілі бір кезеңін «Жылқы» дейтін бір ғана түсінікке  арнап, одан мейлінше мол мән мен мағына шығаруға әрекеттендік. Тереңдете беруге күш салдық. Қамбар атаға дейтін үлкен құрметтің кішкене бір бөлшегі іспетті қылып.

Сәйгүлік семантикасы шексіз.

Erke

Рейтинг: «Сурет саласың. Әлгі құрымағыр көңіліңдегідей шықпайды. Сосын отырып, ұлылардың иллюстрацияларын парақтайсың. Сөйтесің-дағы, жүз жыл отырып салсаң да әлгілердей бейнелей алмайтыныңа көз жетеді. Аяғында, сол ұлыларды қуалап жүріп өлтіргің келеді» дейсіз. Ұлылардың «жазығы» неде?

Жеңіс Кәкенұлы: Көрермендерің төңірегіңе үйіріліп, қанша жерден мақтап, марапатқа сөз таба алмай жатса да, шығарма иесінің өзіне-өзі риза болмай өтетіні қалыпты жағдай. Таланттың адамға берілетін мөлшері бірдей емес. Біреуге үйіліп төгіліп түссе, қайсыбіреулерге там-тұм. Содан «салыстырмалы» дейтін ұғымға жүгінесің. Көңілің кеткенге, сурет әлеміндегі ұлыларға қызығасың, қызғанасың. «Аяғында, сол ұлыларды қуалап жүріп өлтіргің келеді» дейтін сөзімізді риясыз қызғаныш, ақ  ниетті қызғаныш деп есепте. (Қазекемнің ғажап зергердің бұйымына қарап тұрып, «қолың сынғыр-ай» дейтіні де бар емес пе?)

Рейтинг: «Аяз балконымның терезесіне сурет салады, "Жеңіс, жүз жерден шебер болсаң да менің тозаңыма татымайсың" дейтін Тәңірдің сөзін үнсіз естіртіп». Сіз Тәңіріні осылай мойындайтын сәттеріңіз көп пе? Тәңірінің ең шебер туындыларын қайталаған кезіңіз болды ма?

Жеңіс Кәкенұлы: Айтасың-ау, «тозаңына татымаймын» деп отырған жоқпын ба? Сол Тәңір бойымызға құйттай дарын еккен екен, біздікі – бар болғаны сол Ұлы суретшіге еліктеу, шүкіршілік ету ғана.

Көкпеңбек аспан, аппақ бұлт, мұзарт шың мен сарқырап аққан өзен, қарағайлы қырат салдың екен, Жаратқан иедей ауа кіргізе аласың ба әлгі пейзажға? Құмырасын құбылтып,  гүлдерін құлпыртып натюрморт жаздың екен, ана гүлден хош иіс шықпайтыны несі? Келістіріп, иесінен айнымайтын етіп портрет кескіндедің екен, «сөйлемейтіні» қалай? Солай бауырым, «Тәңірінің ең шебер туындыларын қайталаған кезім болған» емес, болмайды да. Салғаным алдымен өзіме, сосын саған, көременге ұнаса, мен үшін үлкен олжа. Бізге деп жіберген «дарын» миссиясының азап болса да орындалғаны.

Рейтинг: «Суретшімін» деп бөркім қазандай болып жүрсем, ол ең әуелі қазақ музыкасының арқасы. Менің әрбір картинама бояумен қоса, қазақтың небір классикалық-ұлттық ән-күйі мелдектей сіңді». Қазақ музыкасы мен сіздің қылқалам арасында біз білмейтін қандай байланыс бар, ашып айтып беріңізші.

Жеңіс Кәкенұлы: Менің түсінігімде, Қол өнері – Саз өнерімен және Сөз өнерімен апаш-құпаш құшақтасып жатыр. (Әсіресе қазекеме біткен осы үш өнер.) Мендегі бейнелеу әлемін әлгі екі өнерсіз елестету мүмкін емес. Шеберханамды қашан сурет салып болғанымша халқымның ән-күйі тербейді де тұрады. Онсыз мен сурет сала алмаймын. Алда-жалда тоқ болмай қалып, музыканы қоса алмай отырсам, жарық молынан түсіп тұрса да суретке қолым жүрмей, берекем кетеді. Өзімді саңырау сезінемін. Музыка  қазақтың өнерінің алдына түсіп кеткен тап қызыл тілі секілді, ғажабын-сиқырын-әсерін айтып жеткізе алмайсың. Суретшінінің жанын үнемі майда бір дірілмен рахаттандырып, бесіктей тербетіп тұратын, түсіну арқылы һәм сезіну арқылы бойыңда жүріп жататын өте бір күрделі құбылыс болса керек. Әсем әуенге елітіп отырып, ыңылдап қосылып отырып палитра ашу – мен үшін рахаттың көкесі. Салайын деп отырған нәрсеммен туыстырып, тұтастырып жіберетін – осы музыка. Үстелде дәптерім жатады. Ыңылдап, сурет салып тұрғанымда, сарт етіп, жақсы ойлар, оралымды тіркестер түседі. Қолдың бояуын шүберекке сүрте сала қаламға жүгінемін. Сенің бүгін көлденең тартып отырған ой-түйіндерімнің көбісі, тегінде, сурет салып, музыка тыңдап тұрғанда келген.

kaz

Рейтинг: «Ойыңнан ұлтың кетпеуі тиіс. Бір сәт те. Тіпті, «армысыз» деп басталатын сөзден-ақ ұлт, ұлттық концепция білініп тұруы тиіс». Сіз мұндай ойға, шешімге қай жасыңызда бекідіңіз? Бұл ойыңыздың эволюциялық өсуі болды ма, әлде туабітті, қанға сіңген қасиет пе? Мына заманда ұлт дейтін шығармашылық иесі жеңіле ме, жеңе ме?

Жеңіс Кәкенұлы: Құдай мені қазақ етіп жаратты екен, қуана-қуана қазақ болып өлуге тиіс екенімді сезінуім, сол қазақтың бүкіл рухани болмысына дендеп енген кезім қырықтардың шамасында болса керек. Дәл датасы есте жоқ.

Туа бітті әрқайсымызда жүретін халқымызға дейтін махаббаттың дәнегі болса керек. Өзің айтқандай, эволюциялық өсуі әркімнің санасына, рухына, тәрбиесіне, халықтың рухани байлығына дер кезінде бойлайтындығында болса керек. Оған талай факторлар – өскен орта, көзқарас бірлігі, жүрек-сезіну әсер ете ме деймін. Құрманғазың бар екен, Бауыржаның бар екен, Әбілханың жүр екен, ойбай-ау, неге ғана ойыңнан ұлтың кетуі тиіс?!

...Жеңілу-жеңу шарт емес. Қиямет күніне дейін ұлтыңа адал болып қалу керек. Құдай басқа бермесін, «басымыз бұлада айта береміз ғой» деп Мағауин айтқандай, еліміздің басына енді қайтып зұлмат күн тумасын де.

Рейтинг: «Жаратқан Иемнің алдына барғанымда: «Тәңірім, қазаққа Сіз берген ғажап тіл мен ән-күйдің тұнығына бір қанбай, сіміріп тоя алмай, ғұмыр бойы шөліркеп, ғашық болған күйі алдыңызға келдім», – дермін, ә?» Қазаққа осынша ғашық болуға бола ма? Сыры неде осы сезімнің?

Жеңіс Кәкенұлы: Оның сыры – қазақтың рухани байлығының көз бұлдыратар, тіл жетпес, бас айналдырар биікке шығып кеткенінде. Мұндай оралымды, ғажап, сұлу да көркем тіл, осынша қуатты, әсерлі ән-күйдің қуат-энергиясы жұлын тұтаңнан өтті екен, саған қалатыны ессіз ғашықтық емес пе? Өзіңнің керзі етіктілерің келіп тепкілеп кетсе де, әлгіндей рухани байлық өзегіңде жатыр екен, мәжнүн болып Жаратқанның алдына барғанның айыбы жоқ.

Рейтинг: «Көбінше адам – ішкені мен жегенінің, естігені мен көргенінің ғана көрінісі. Қорытқаны һәм толғантқанының емес». Қорытқаны мен толғантқанының көрінісі бола алатындар кімдер, сіздіңше? Қазақта ондай тұлғалар қаншалықты көп немесе аз?

Жеңіс Кәкенұлы: Меніңше, алдыңғыкүнгі – Доспамбет, Шалкиіз, Абай, Шоқан, Сүйінбай, кешегі –Қаныш, Дінмұхамед, Жұмабек, Салихитдин... тізе берсең, біраз жерге барып қалармын. Бір сөзі –жүзге, бір ойы мыңға татығандардың қорытқаны һәм толғантқанының ризығын сені мен мен көріп отырған екенбіз. Аз-көбін өзің безбендей бер.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Көрілді: 4177
Жаңартылған: 23.07.2014 | 20:09
Категориялар: Мәдениет, Мәдениеттегі басты жаңалықтар
Белгі: Сұхбат


Тақырыпты басқа мақалалар