Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Ауыр атлеттеріміз қызу тартысты сағынып қалды - Бас бапкер ӘЧ жайлы

01.11.2018 | 19:10
Ауыр атлеттеріміз қызу тартысты сағынып қалды - Бас бапкер ӘЧ жайлы

Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Мельников Ашхабадта 1 қарашада басталатын Әлем чемпионаты алдында жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Әлем Чемпионатының финалдық өтінімдері келіп түсті. Енді осыған қарап, аталмыш старттағы бәсеке шамамен қалай өрбитінін сезіп отырмыз. Әлбетте, оңайға түспесі анық! А және В топтарындағы барлық қарсыластар - тәжірибесі ұшқыр сақа спортшылар», - дейді Юрий Мельников.

Бас бапкердің айтуынша, қазақстандық ауыр атлеттер бір жыл бойы жарыстардан шеттетіліп, кеткен есесін осы жолы қайтаруға барын салады.

«Команданың алдына қойып отырған басты міндеті - барынша лайықты өнер көрсету. Шеттетілген бір жылдың текке өтпегенін дәлелдеуіміз керек. Біз осы жарысқа тынымсыз дайындалдық. Міне, сондықтан лайықты нәтижеге қол жеткіземіз деген сенімдемін. Медаль саны жағынан әзірге ештеңе айтқым келмейді. Бәрін помост көрсетеді. Ауыр атлеттеріміздің дайындығы жақсы. Спортшыларымыз қызу айқасты сағынып қалды. Әлбетте, сол бәсекелі тартысқа осы Әлем чемпионатында куә боларымыз анық», - дейді Юрий Мельников.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ашхабадта 2018 жылы ауыр атлетикадан өтетін әлем чемпионатына қатысатын ҚР құрамасының құрамы белгілі болғанын хабарлаған болатынбыз. 1-10 қараша аралығында өтетін Әлем чемпионаты 2020 жылғы Олимпиада ойындарының ең алғашқы лицензиялық старты болып табылады. Аталмыш жарыста Қазақстанның намысын 20 ауыр атлет қорғайды.

Сонымен қатар, бүгін ҚР Ауыр атлетика федерациясы ел спортшыларының жарысқа шығу кестесін жариялаған болатын.

 
Көрілді: 64
Жаңартылған: 01.11.2018 | 19:13
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар