Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Маңғыстауда ежелгі адам қаңқалары табылды

01.11.2018 | 17:59
Маңғыстауда ежелгі адам қаңқалары табылды

Маңғыстау ауданынан ежелгі адам қаңқалары табылды. Бұл туралы Маңғыстау тарихи-мәдени қорығының археология жəне архитектура бөлімінің жетекшісі Берік Төлегенұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бекболат Төлегенұлының айтуынша, адам қаңқалары табылды деген ақпаратты  Маңғыстау ауданының ІІБ қызметкерлері хабарлаған. Оларға мұндай жаңалықты құрылысшылар айтыпты.

«Адам қаңқалары Маңғыстау ауданындағы Жыңғылды селосына қарасты «Егін ауыл» елді-мекенінің жанындағы төбеден су құбырына арналған траншея қазу кезінде табылған. Экскаватормен жерді қазу кезінде 1,8 м тереңдіктен сүйектер шыға бастаған. Сол уақытта құрылысшылар табылған сүйекті қарамақ болып, үйінділерді түрткенде траншеянің бір бөлігіндегі бор тасты жар кездейсоқ опырылып 80х80см қуыс пайда болған. Қуыстың ішінен 3 адамның қаңқалары жатқанын көріп, дереу полиция қызметкерлеріне хабарлаған. Аталған қуыстың екі жағында 1-2 метр аралықта да сүйектің бөліктері кездеседі»,-дейді Бекболат Төлегенұлы. 
ҚР «Тарихи-мәдени қорғау және пайдалану» туралы заңына сәйкес, ол жерде құрылыс жұмыстары уақытша тоқталытылып, полиция қызметкерлеріне түсініктеме берілген.

Маманның айтуынша, жерлеу орны туралы толық ақпарат алу үшін арxеологиялық қазба жұмыстары жүргізілу керек. Тек 25 қазан күні өңірдегі білікті маман, арxеолог А. Астафьевтің қатысуымен оқиға орнында апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілген.
Траншея бойындағы қабырғаларда катакомба жерлеу кешені есіктеріне ұқсас белгілер байқалады.

Траншеяның бойынан 8 катакомбаның есігі бар көрінеді. Сондай-ақ, тазалау жұмыстары кезінде бірнеше адамның қаңқалары тағы табылған.

«Ескерткіш туралы нақты ақпарат беру қиын, ол жағы зерттелуі керек. Бірақ алдын-ала болжам бойынша, жерлеу рәсімдеріне сәйкес, бұл біздің заманымыздың I-V ғасырлары аралығына тиесілі болуы мүмкін. Бұған дейінде өлке археологтары катакомбалық жерлеу орындарын облыс аумағында Сырлытам, Шағатай, Құмыра атты ескерткіштерді тапқан болатын. Алайда «Жыңғылды» катакомбасының олардан ерекшелігі жерлеу бөлмелерінің көптігінде. Себебі катакомбаны табудың өзі үлкен олжа. Аталған ескерткіштің бұрын табылған ескерткіштерімен ұқсастығын ескере отырып, «Жыңғылды» деп аталатын катакомбалық жерлеу орнын толыққанды зерттеу қажет»,-дейді облыстық Маңғыстау тарихи-мәдени қорығының археология жəне архитектура бөлімінің жетекшісі.

 
Көрілді: 46
Жаңартылған: 01.11.2018 | 19:17
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар