Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Маңғыстауда инвестиция қай салаға көп тартылған

26.10.2018 | 23:25
Маңғыстауда инвестиция қай салаға көп тартылған

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау өңірінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бірнеше есе артып, 371 млрд. теңгені құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қаражат әсіресе, өнеркәсіп, транспорт және мүлікке байланысты салаға тартылған. 

Маңғыстау инвестиция тартудан Республика бойынша 6-шы орынға тұрақтады. Өткен жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі транспорт, жол-көлік - 97,7 млрд.теңге (2 есе), құрылыс - 4,0 млрд.теңге (2,4 есе), білім - 9,3 млрд.теңге (23 есе), денсаулық сақтау - 1,3 млрд.теңге (4 есе), ғылым мен техника саласында - 1,5 млрд.теңге (2,6 есеге) артты.

Биыл облыста жеке капиталды тарту арқылы құны 12,8 млрд. теңгеге 18 жоба іске асқан. Металургия, мұнай сервисі, энергетика, құрылыс материалдары, химиялық өнеркәсіп саласында жаңа жұмыс орындары ашылып, іске қосылған. Инвестиция көлемін арттыру мақсатында бірнеше елдің өкілдерімен кездесу өткен.

«Облыс әкімдігі Ұлыбритания, Швейцария, Германия, Қытай, Франция, Түрікменстан, Ресей елдерінің инвесторларымен кездесу өткізді. 9 меморандумға қол қойылды»,-дейді Маңғыстау облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Талғат Әбдіқадыров. 

Алдағы 3 жыл ішінде 1,8 трлн. теңгеге 65 жоба жүзеге асырылмақ. Ауыл шаруашылығы саласында, қаланың инфрақұрылымын арттыру мақсатында бірқатар жобалар іске асатын болады.

Жалпы, еліміз бойынша инвестициялық қор құрылады. Үкімет отырысында сала министрі Жеңіс Қасымбек осылай деп мәлімдеме жасаған еді. Қор шетелдік инвесторларға қаражаттың нақты әрі қажет жобаларға тартылуын қамтамасыз етеді.

«Негізгі тиімділіктеріне тоқталып өтсек. Қор ұзақ жылғы инвестицияны тарту үшін басты әріптес ретінде болады. Бұл қаржылық операцияларды орындауда үнемді болып, уақытында орындауға мүмкіндік береді. Инвестиция ірі пайда әкелетін жобаларға тартылып, толық іске асқанға дейін қордың қолдауымен жүргізіледі»,-дейді Маңғыстау облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Талғат Әбдіқадыров.

Осыған дейін Маңғыстауда су тұшыту зауытының құрылысы басталатындығынжаздық.

 
Көрілді: 54
Жаңартылған: 28.10.2018 | 23:52
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар