Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Әмірбеков департамент басшысы болып тағайындалды

12.02.2018 | 15:18
Әмірбеков департамент басшысы болып тағайындалды

 

Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімінің келісімімен Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша  департаментінің басшысы болып Мұратбек Есенбекұлы Әмірбеков тағайындалды.

Бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа басшыны арнайы қабылдап,  жұмысына сәттілік тіледі.  Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.  Кездесу барысында тарифтік саясатты жетілдірудің негізгі амалдары, бағаларды белгілеудің тазалығын қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Сондай-ақ әкім жаңа басшыға газ, су, электр жарығы, жылу тарифтерін тұрақтандыруға атсалысуға шақырды.  

«Күні кеше ғана Елбасымыз еліміздегі коммуналдық тарифтердің жөн-жосықсыз көтерілуіне жол бермеу туралы тапсырма берді. Енді сізге өңірдегі табиғи монополияларды реттеу бағытында аянбай еңбек етіп, нәтижелі жұмыс атқаруыңыз керек. Коммуналдық қызмет түрлерінің тарифін қадағалауда қырағылық танытып, тұтынушылардың құқықтарын сақтау бойынша белсенді болады деп сенемін!», - деді Жансейіт Түймебаев.    

Мұратбек Есенбекұлы 1981 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі — жоғары. 2002 жылы «Тұран Астана» Қазақ гуманитарлы-құқықтық университетін бітірген. Мамандығы – заңгер. 

Еңбек жолын 2003 жылы Алматы облысы Қапшағай қаласы прокурорының көмекшісі болып бастаған. ҚР Әділет Министрлігі халықаралық міндеттемелерді орындау және сараптама бөлімінің жетекші маманы, 2007 жылы ҚР Президент әкімшілігінің құқық қорғау және сот жүйесі мәселелері бөлімінің бас сарапшы, 2008 жылы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде басқарма басшысы, 2009 жылдан 2018 жылға дейін ҚР Парламенті мәжілісінің апаратында бірқатар бөлімдерінде басшылық қызмет атқарған.

Ол сондай-ақ «Қазақстан конституциясына 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 25 жыл» мемлекеттік  наградаларымен марапатталған.

2f0a0d12-217e-4d70-94b0-ad1527c4a955

 
Көрілді: 539
Жаңартылған: 12.02.2018 | 15:20
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар