Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Новосибирскіде Путин барған күні қарсылық акциялары өтті

09.02.2018 | 10:18
Новосибирскіде Путин барған күні қарсылық акциялары өтті

Новосибирскіде Ресей президенті Владимир Путин барған 8 ақпан күні бірнеше қарсылық акциясы өтті. «Сибирь.Реалии» сайтының хабарлауынша, белсенділер екі ірі концессиялық жоба – Обь өзенінің үстінен төртінші көпір салу және полигоны бар қоқыс сұрыптайтын екі ірі зауыт салу жобасына қарсы пикет өткізді.

Пикетке он шақты адам қатысты. Олар «Басыбайлылық құқығын 2018 жылы жойды», «Концессия – қоғамдық бақылауда», «Ақылы көпірге жол жоқ» деген және басқа да сөздер жазылған плакаттар ұстап шықты. Пикетті ұйымдастырушы акция қалаға президенттің келуіне орайластырылғанын айтты. Пикет әуелде қала әкімшілігі алдында өтеді деп жоспарланғанымен, Путин келетіндіктен белсенділерге әкімшілік алдыңдағы алаңға жақын Крячков саябағында өткізу ұсынылған.

Академгородок институтының ғылыми қызметкері Игорь Просанов та жалғыз кісілік пикет өткізді. Ол көшеге «Путин - Ресейдің қайғысы» деп жазылған киім киіп шықты. 15 минуттан соң оған полиция қызметкері барып, сөйлесті. Полицей кетіп қалған соң Просановқа жай киімдегі екі ер адам барып, айырым белгісі жоқ полиция көлігіне алып кетті.

7 ақпан күні Владимир Путин Красноярск өлкесіне сапарлап барған. Мұнда «алдандық» деген үлескерлер өлке әкімшілігінің алдына жиналып, өз проблемаларына президенттің назарын аударғысы келген. Полиция бөлімінің жанында да бір әйел пикет өткізген.

 
Көрілді: 473
Жаңартылған: 09.02.2018 | 10:20
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат