Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары: Мемлекеттік қызметке кадрлар партиядан жіберіледі

08.02.2018 | 11:30

     Жақында мәжілісмендер Мәулен Әшімбаевтың депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселеге бірауыздан дауыс беріп, экс-әріптестерімен  жылы шыраймен қош айтысты. Әшімбаевтың мандатын кім иеленері белгісіз, бірақ Мәжілістегі оның орны ойсырап қалғаны анық.

      Әшімбаев Мәжілістің соңғы екі шақырылымында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жетекшілік етті. Енді міне, Елбасының өзі тізгін ұстаған «Нұр Отан»  партиясындағы бірінші орынбасары болып кетті. Ойламаған жерден. Билікке берері таусылғандардың баратын жері - Сенатқа депутат болған бұрынғы бірінші орынбасар Мұхтар Құл-Мұхамедтің «Нұр Отандағы» дәурені тоғыз айға ғана созылды. Бұл жүрістің, ауыс-түйістің астарында не бар?

    -Бұл тағайындау Мемлекет басшысы тарапынан берілген үлкен сенім әрі жауапкершілік. Мен бұл жауапкершілікті сезініп отырмын,-деді Мәулен Әшімбаевтың өзі ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Иә, расында да қарап отырсаңыз, «Нұр Отанға» жетекшілік жасағандардың жерде қалғаны жоқ екен. Бұған дейін бұл қызметтерді атқарған Нұрлан Нығматулин, Бақытжан Сағынтаев қазір қандай креслода отыр?!  Әділбек Жақсыбеков қайда? Бауыржан Байбек, Асқар Мырзахметов қандай қызметті атқарып жүр? Яғни, бұған дейін ықпалды шенеунік ретінде көзге түсе қоймағанымен ел жылы пкірі білдіріп жүрген  Әшімбаевтың басына бақ қонды дей беріңіз. Президент тектінің тұяғына мықтап тұрып ставка жасады.  Әйтеуір баянды болсын дейік.

    Мәулен Сағатханұлының мүмкіндігін білу үшін оның өмір жолына үңіліп көру қажет сияқты. Ол уақтысында президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары, бұдан кейін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болған. Яғни стратегиялық мәселелерге араласқан сайыпқыран деуге болады. Мәжілісте халықаралық істерге, қорғаныс саласындағы мәселелерге жауап берді, заң жобаларын жасауға атсалысты.

    Журналистерге берген сұхбатында  М.Әшімбаев «Нұр Отанға» нендей өзгерістер жасайтынын да мәлім етті. Оның ойынша,  қазір «Нұр Отанда» құрылымдық өзгерістер аяқталды. Енді партияның бағытын өзгерту қажет. Әсіресе, кадрлармен жұмыс қолға алынады. «Нұр Отан» шенеуніктердің ұстаханасына айналуы мүмкін екен. Мемлекеттік қызметке кадрлар партиядан жіберіледі. Осыған байланысты партия қатарына жастар көбірек тартылады. Партияның жұмысы жариялы, ашық болады. Партия стратегиялық күшке айналуы тиіс.

   Ал сарапшылардың айтуынша, дәл қазіргі уақытта «Нұр Отанға»  барлық кландардың басын қоса алатын жарқын фигура қажет болды. Әшімбаев бұл талапқа жауап бере алатын тұлға.

     Десек те, осы тағайындаудың астарынан қандай да бір саяси өзгерістің болатынын болжауға бола ма? Ол не өзгеріс болуы мүмкін? Sayasat.org сайтына берген сұхбатында саясаттанушы А.Чеботарев:

     -Бізде бәрі аяқ астынан болады. Не күтіп тұрғанын алдын ала түсіну қиын. Сайлау 2016 жылы өтті. Әзірге жақын арада саяси науқан жоқ. Егер парламент сайлауы президент сайлауының алдында өтіп кетпесе,-депті сарапшы. Оның ойынша, дәл қазіргі уақытта партия тоқырауды бастан кешіріп тұр. Бір кездері «Нұр Отанның» қоғамдық бақылау бекеттері жұмыс істеді. Кейін оны таратты. Қоғамдық кеңестер құрылғанымен, қазір оның бар-жоғы білінбейді. Әшімбаев биліктің партиясына жаңалық енгізу үшін осындай тәжірибелердің бірін қолға алуы тиіс.

      Бұған дейін «Нұр Отанның» хатшысы қызметіне әжептәуір саяси танымалдылығы бар Ғабидолла Әбдірахымов тағайындалған болатын. Яғни, биліктің партиясының басшылығына жастар келіп жатыр.

         "Рейтинг" газеті, 2018 жылы

Абылай Есімбай

 
Көрілді: 1070
Жаңартылған: 08.02.2018 | 11:37
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат