Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Сирияға кетпек болған әйел тоғыз жылға сотталды

07.02.2018 | 18:22

Тоғыз жылға сотталған қарағандылық тұрғын Жансая Таңатарова билікке ұстап беру үшін әлдебір содырды іздеуге бел буғанын мәлімдейді. Айыптаушы тарап сотталушының куәліктеріне сенуге болмайды, оның айтқандарын қорғану амалы ретінде бағалау керек деп санайды деп хабарлайды Азаттық.

30 жастағы Жансая Таңатарова 2017 жылғы қыркүйектің 15-інен бері қамауда отыр. Ақпанның 6-сында сот оны "террорлық ұйым жұмысына қатысуға әрекеттену" және "кәмелет жасына толмаған адамды ұйым жұмысына үгіттеу" бойынша айыпты деп таныды. Кейінгі кезде (күйеуі қамалғаннан кейін) Таңатарова Қарағандыда тұрған әрі адамдарды хиджама әдісімен (дененің белгілі бір тұстарын өткір затпен тілу арқылы қан алу) емдеп, нәпақа тапқан. Оның айтуынша, бір жарым жылдан бері түрмеде жазасын өтеп жатқан күйеуіне сәлем-сауқат жинау үшін осындай амалмен ақша табуға тырысқан.

СОТТАЛУШЫНЫҢ БОЛЖАМЫ

Cотталушы әйелдің бауырының сөзінше, Жансаяның күйеуі де қазір әйеліне тағылған қылмыстық баптардың бірі бойынша сотталған. Азаттық тілшісімен асығыс сөйлескен сотталушы Таңатарова ештеңені мойындамайтынын айтып, "бәрі мүлде тергеу мен айыптаушылар айтқандай емес" деді.

Сотталушы тағылған айыптарды жоққа шығарып, сотта өз болжамын айтып берді. Оның сөзінше, 2016 жыл ол үшін ауыр жыл болған – күйеуі қамалған әрі ұзақ күтіп, әрең көтерген баласы шетінеп кеткен. Сотталушының болжамынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті (ҰҚКД) қызметкерлері оның күйеуі және тағы бірнеше адамға зардап келтірген әлдебір содырды ұстау үшін тергеу орындарына көмектесуін сұрап, оған ұсыныс жасаған. Оның сөзінше, ол әлгі ұсыныстан әуелі бас тартуға тырысқан, бірақ кейін олардың шарттарына келісуіне тура келген.

Жарыссөзде сотталушы соттан уәжіне құлақ асуды жылап тұрып өтінді.

- Отбасым әлгі адамның кесірінен зардап шеккенін түсіндім. Әлгі адам адамдарға зиян келтіріп, бір жерде [еркіндікте] жүр. Сондықтан тәуекелге бел буып, оны іздеп, табуға көмектесуді ұйғардым. Мен оны іздеп табуға әрекеттендім, игі іс жасайын дегеннен басқа арам пиғылым болған жоқ. [Сирияға] баруды ұйғарып, банктен несие алдым, бірақ ешкімді ертейін деп ойлаған жоқпын, ешкімді үгіттеген жоқпын. Тергеу органдарына көмектескеніме қарамастан, мені жолға шығарда ұстап алды. Қысымға шыдамай өз-өзіме қол салмақ болдым, - деді ол.

Тым болмаса шартты жазаға кесетін шығар деп ақырына дейін үміттенгендерін айтқан әкесі мен бауыры Жансаяны тоғыз жылға соттап, жаза мерзімін қауіпсіздік деңгейі орташа мекемеде өтеуге кескен сот үкімін естіп есеңгіреп тұрды. Адвокат дәлелденген жоқ деген уәжбен "үгіттеу" айыбын алып тастауды сұрады.

​- Олар Жансаяның тағдырын білмесе, психологиялық сараптаманы қалай жүргізген? Оның психологиялық проблемалары барын қалай байқамаған? Ол бұрын да өз-өзіне қол салуға бірнеше мәрте әрекеттенген. Біз бүкіл анықтамаларды әрі апайымның жағдайы туралы менің айтқандарымды тіркеп, амбулаторлық сараптама жүргізуді сұрағанбыз. Бірақ оған келіспей қойды. Тергеу амалдары да, оны "ақыл-есі дұрыс адам" деп таныған сараптама да заңды өрескел бұзып жүргізілді. Апелляция береміз. Бұған қоса, Жансаяның ұсталғанын бізге айтпай, бір айдан кейін ғана естідік, - дейді сотталушының бауыры Жалғас Таңатаров Азаттыққа.

ТЕРГЕУ МЕН АЙЫПТАУШЫ ТАРАПТЫҢ БОЛЖАМЫ

Тергеу мен айыптаушы тараптың болжамынша, Таңатарова "ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған". 30 жастағы Жансая Таңатарова ДАИШ террорлық ұйымына қосылуға әрекеттенген әрі Сирияға кәмелетке толмаған туысы – күйеуінің 17 жастағы кенже інісін ертіп кетпек болған. Сотта Жансая Таңатарованы Қарағандыдан кетпек болған кезде ҰҚКД қызметкерлері ұстағаны жарияланды. Айыптаушы тарап алғашқы дәрігерлік жәрдем көрсету тәсілдерін білетін ол содырларға медициналық көмек көрсету үшін Сирияға кетпек болған деп санайды. Соттағы жарыссөз кезінде прокурор сотталушыға тоғыз жыл түрме жазасын кесуді сұрады.

 
 

— Қылмыстық тергеу амалдары барлық талаптарға сай жүргізілді деп санаймын. Іске қатысты жайттардың бәрі зерттелді. Сотталушы күйеуін және тағы басқа адамдарды қылмыс жасауға кейін өзі іздей бастаған адам итермелегені жайлы күйеуімді түрмеге қамаған кезде естідім деп түсіндіреді. Көп адам зардап шеккендіктен, ол Түркияға барып, жазықсыз жандар үшін кек алғысы келген. Ол Қарағандыдан кетпек болған, бірақ оны ҰҚКД қызметкерлері ұстады. Ол кінәсін мойындамайды, бірақ оның айыпты екені толық дәлелденді әрі куәлердің берген түсініктері растады, - деді прокурор.

Мемлекеттік айыптаушы бірнеше куәгердің жауаптарына сүйенеді. Тергеушілер әлгі куәгерлердің содырларға медициналық көмек көрсету үшін Таңатарованың Сирияда жүрген әлдебір "муджахедпен" хат жазысқанын растағанын айтады. Бірақ айыптаушының сөзінше, куәгерлер сол кезде айыпталушының сөздеріне мән бермегендерін айтқан.

Азаттық соттағы жарыссөз кезінде Жансая Таңатарова жариялаған ақпаратқа қатысты комментарий беруін сұрап, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне - Кәрім Мәсімовтің атына ресми сауал әзірледі.

Қазақстан билігінің дерегінше, соңғы жылдары Сирия мен Ирактағы экстремистік топтарға жүздеген қазақстандық азамат қосылған.

 
Көрілді: 1007
Жаңартылған: 07.02.2018 | 18:25
Категориялар: Басты жаңалықтар, Оқиғалар