Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Келер жылғы доллар: 280 мен 420 теңге аралығында

31.12.2016 | 09:07

Ұлттық экономика үшін басты мәселелердің бірі – доллардың бағамы. 2017 жылғы валюта бағамына қатысты сарапшылардың пікірі екіге жарылды. Экономистердің бір тобы 2017 жылы мұнай бағасының өсуіне байланысты доллардың әлсірейтінін алға тартады. Қазақстан мұнай өндіру көлемін қысқартуға келісті. Әлемдегі негізгі мұнай экспорттаушылар да осы қадамға бармақ. Мұнай бағасы қымбаттаған жағдайда ұлттық валютамыз да күшейе түспек. Оның үстіне, Дональд Трамптың жеңіске жетуі түрлі-түсті металлдардың, әсіресе мыстың  күрт қымбаттауына әкеп соғуда. Мұнай мен металлдың жоғары бағада сатылуы Қазақстан үшін тиімді екенін ескерсек,  доллардың бағамы 280-300 теңге аралығында тұрақтауы мүмкін.  Теңге мен доллар арасындағы қазіргі тепе-теңдік сақталады деген пікірді ұстанатындар  бар.

Әйткенмен, мұнай нарығындағы сценарий басқа бағытта да өрбуі мүмкін. Кейбір сарапшылар мұнай бағасы керісінше төмендеуі ықтимал екенін алға тартады. Мәселен, мұнай бағасы 27 долларға дейін арзандағанда доллардың бағамы 390 теңгеге дейін шарықтаған. Сондай-ақ,  теңгенің бағамына Ресей экономикасы мен рубльдің жағдайы әсер етпек. АҚШ ақша саясатында доллардың позициясын күшейтетін бірқатар қадамдарды жасауда. Мәселен, осы елдегі федералдық резервтік жүйесі долларға қатысты мөлшерлемені   0,5  пайыздан  0,75 пайызға көтерді. Ал бұл теңгенің әлсіреуіне әсер етіп, валюта бағамы 2017 жылдың соңына қарай 380-420 теңгеге жетуі бек мүмкін.

 
Көрілді: 980
Жаңартылған: 31.12.2016 | 09:11
Категориялар: Басты жаңалықтар, Экономикадағы басты жаңалықтар