Мандат қымбат па, мансап қымбат па?

Screenshot_1.jpg

Әрине, сайлаудың «сценарийін» биліктің өзі жасап, өзі билеп-төстейді десек те, басқа-басқа оңтүстікте сайлаудың бір деммен, опай-топай өте салуы тым қиын. «Тәуекел» деп тас жұтып, додаға ат қосқан оңтүстіктің үміткерлері бір-бірімен «Сіз-біз» десіп бәсекелескенде Палестина мен Израильдің жан шошытар жаңалықтары жолда қалады. Қайбір жылғы сайлауда Түркістанда екі мықты тіресіп қалып, нәтижесінде бірнеше көлік өртенді. Көлігі құрысын, бірнеше адам өлімі болды. Топ топқа бөлініп, бәсекелестіктің соңы бақталастыққа ұласып, бес жылдық мандаттың жолында осылайша адам қаны төгілді. Сайлау науқаны кезінде өзінше «мырза» болып, «халықты «сатып» аламын» деп, ел-жұртты «ырза» қылғандар, додадан өте алмағаннан кейін мектепке берген компьютерін қайтып әкетіп қалғандар да бар. Тып-тыныш жатқан ауылдың ала тайдай бүлініп, жауға шабатындай ата-атаға бөлініп, «жаман болса да өзіміздің атаның баласы өтсін» деп ру көсемдерінің көсіліп сөйлейтіні де осы сайлау кезі емес пе?!. Қайбір жылғы Мәжіліс сайлауында бір округтен Қуаныш Айтаханов пен Төлебек Қосмамбетов қатар ат қосты. Екеуі туған құдалар. Ел «ойпырмай, мыңжылдық құдалық қымбат па екен, әлде, бес жылдық депутаттық қымбат па екен?» деп бұл оқиғаны сан-саққа жүгіртіп еді, талай жыл ел басқарған Айтаханов қанша дегенмен көргені мол, әккі адам ғой, депутаттықтан құдалығын жоғары қойды. Сөйтіп Айтаханов жол берді де, Мәжіліске Қосмамбетов өтті. Бірақ, Айтаханов та бүгінде абыройсыз емес, Сенаттың төрінде отыр. Ал, жалпы алғанда сайлаудың адамдар арасына сайтан жүргізіп, айтыс-тартыстан құдалығы, жекжаттығы бұзылып, мүлдем араласпай кеткен ағайындар жетерлік. 

Жалпы жұрт депутаттыққа неге құмар? Қызметін сақтап қалу үшін бе, жоқ, әлде бизнесін қорғап қалу үшін бе? Елдің әңгімесіне құлақ түрсең, адамды депутаттыққа негізінен осы екі мәселе мәжбүрлейтін сияқты. Былайша айтқанда, мәслихатқа ешкім де тосыннан келіп, қойып кетпейді. Не қызметің, не қалтаң болуы керек. Содан ба, қарапайым жұрт депутат дегенді ауылға бала-бақша соғып беріп, мектептің жөндеуіне көмектесетін қалталы азаматтар деп ойлайды. Былайша айтқанда депутаттың міндеті тек демеуші болу сияқты. Бірақ шындап келгенде мектеп, бала-бақша салу ол билік өкілдерінің міндеті. Соған жұмсалған қаржының талан-таражға түсіп кетпей, тиынына дейін өз мақсатына жұмсалуын қадағалау депутаттың міндеті. Осыдан барып «Қазіргі мәслихаттың абырой-беделі, салмағы қандай, халық қалаулыларының құрамы, олардың белсенділігі, сапасы қандай?» деген сұрақ туады. Рас, жергілікті билік мәслихатқа айтқанына көніп, айдауына жүретін адамдарды өткізгісі келеді. Оңтүстiк Қазақстан облысында 2003 жылға дейiнгi мәслихат сайлауларында жалпы депутаттардың 60-70 пайызын бюджеттiк мекеме басшылары құрап келiптi. Ал бұдан кейiнгi жылдардан бастап депутаттық корпуста шамамен 70-80 пайызы жеке кәсiпте iстейтiн адамдар отыр. 

Енді жақында ел Президенті Н.Назарбаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi күшейтуге бағытталған Жарлығы мемлекеттiк қызметкерлерге ғана емес, барлық бюджеттiк мекеме басшыларына да жаңа мiндеттердi жүктеп отыр. Бұл  құжаттың 4-бөлiмiнде «мемлекеттiк ұйымдарда және мемлекеттiң қатысу үлесi бар ұйымдарда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға мемлекеттiк қызметшiлер үшiн белгiленген шектеулердi қолдансын» делiнген. Мемлекеттiң қатысу үлесi бар ұйымдардың құрамына бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттiк мекемелер, ЖШС-лар,кәсiпорындар да енедi. Ендеше, бұл дегенiңiз осы мекемелердi басқарып отырған адамдар мемлекеттiк қызметшiлерге арналған шектеулерден тыс қалмайды деген сөз. Ол алдымен қандай шектеу болуы мүмкiн?! Депутаттарды алаңдатқан мәселе де нақ осы. Өйткенi, ҚР Мемлекеттiк қызмет туралы заңының 10-бабына сәйкес мемлекеттiк қызметшi өкiлдi органдардың депутаты болуға құқы жоқ. Бiр жағынан атқарушы билiкке тәуелдi, екiншi жағынан өкiлеттi органның жүгiн арқалап жүрген депутаттардың ендiгi тағдыры қалай болмақ? Мандатты таңдайды ма, жоқ әлде мансапты таңдайды ма? Облыс бойынша 314 мәслихат депутаты бар. Облыстық мәслихатқа сайланған 50 депутаттың 20 шақтысыи  мемлекеттің қатысу үлесі бар мекеме басшылары. Егер Президенттің жарлығы жүзеге асатын болса аудандық, қалалық мәслихаттағы депутаттардың талайы мандаттан, не мансаптан айырылады. Тек Созақ аудандық мәслихатында мұндай таңдау жасайтын тізімге ілігетін бірде-бір депутат жоқ. Есесіне Шымкент қаласындағы, Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара, Түлкібас аудандарындағы мәслихаттарда бірыңғай бас дәрігерлер мен мектеп директорлары жетерлік.  Әрине президенттің бұл жарлығы демократияның талабынан, депкорпустың құрамын, сапасын жақсартудан туындап отырған даусыз. Бірақ, бұл қаншалықты шынайы? Бұған дейін мәслихатта мінез жоқ, биліктің сөзін сөйлейтіні жиі сыналатын. Шынында мәслихатта отырған бас дәрігер де, мектеп директоры да атқарушы биліктің айтқанына көнетін адамдар. Ал, енді бұл депутаттар мәслихаттан кетті дейік. Оның орнын кәсіпкерлер басады. Әрине, кәсіпкерлерді еркін жүріп-тұратын, ешкімге бағынышты емес десек те, биліктің батасын алмай олардың депутаттыққа өте алмайтыны тағы белгілі. Оған қоса олар мандатын бизнесін өөркендетуге өте тиімді пайдаланатыны әмбеген аян. Былайша айтқанда, «алмақтың да салмағы бар», кәсіпкердің де билікке кіріптар болатыны анық қой. Сонда не өзгерді? Әлде шынында ел айтатын депутат болу үшін қажетті екі нәрсенің бірі – қызмет қатардан сызылып кеткелі тұр ма? Мәслихатқа бас дәрігер өтпесе де, оның орынбасары немесе сенімді дәрігері, мектеп директорының орнына жай мұғалім өтуі мүмкін ғой. Бұдан депкорпустың сапасы шынында жақсара ма, әлде мәслихатта қолбала депутаттар қаптап кете ме? 

Әрине бұл мәселеде әлі де талқыланатын нәрселер өте көп. Жалпы ендігі сайлау қандай механизммен өтеді? Халықтың депутаттарға деген көзқарасы, түсінік-пайымы өзгере ме? Жарлықтан кейін халық қалаулылары қандай жағдайда? Біз осы орайда бірқатар аудандық, қалалық  мәслихаттарға хабарласып, аз-кем пікірлескен едік.


Кентау қалалық мәслихатының депутаты Күләнда Әтірқызы Түспаева бұрын сол жердегі ауруханалардың бірінде бас дәрігер болып еңбек етті. Сол қызметтен зейнеткерлікке шығып, қазір қала әкімінің кеңесшісі қызметін атқаруда. Әрі депутат. «Бұл қалай болды?» деген сұрақты Кентау қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Әшіровке қойғанымызда ол былай деді: 

- Күләнда Түспаева қалалық әкімшілікте келісім-шарт бойынша жұмыс істейді. 

- Әрі депутат қой. Бұл заңға қайшы емес пе?

- Жоқ, ол келісім-шартпен жұмыс істеп жатқандықтан мемлекеттік қызметкерге жатпайды. Әрі зейнеткерлікке шығып кеткен, қайдан мемлекеттік қызметші болсын? 

Келесі кезекте Ордабасы аудандық мәслихатына хабарласып, Президенттің жоғарыдағы жарлығы жөнінде ой-пікірлерін, жарлыққа сай не тірлік жасап жатқанын білгіміз келген еді, олар хат сұрады. Сонда мәслихатқа  Елбасының жарлығына қатысты сұраққа жауап алу үшін де арнайы хат жазу керек пе? Мұның несі құпия? Ордабасы ауданынан басқа мәслихаттардың бәрінен ешқандай хатсыз-ақ мәліметтерді алдық қой. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген, Ордабасы мәслихатының бұл пәлсінуі тек бюрократиялық «тәлпіштік» демеске лажың жоқ. Әлде олар Елбасының жарлығын әлі оқымаған ба? Сөздің орайы келіп тұрғанда осы Ордабасының атқамінерлерінен ақпарат алу, бір-екі ауыз тілдесудің өзі өте қиын екенін айта кету керек. Қашанда шала бүлініп, шай ішпеген адамдай шеке-бастары тырысып отырады. 

«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» демекші, «ордабасылықтардың мұнысы қалай?» деп таңырқап жатқанымызда  облыстық мәслихат аппаратының жетекшісі Александр Гурьев тіптен батыр шықты. 

- Президенттің жарлығы Заң емес қой, - деп салды. – Алдымен ол жарғыда не жазылғанын оқу керек. Заңнамалық акті керек. Заңнамалық акті болмай, талқылаудың қажеті не? Бұны тек болашаққа бағытталған бағдарлама деп қабылдау керек. Қазір қызметте жүрген депутаттарға қатысы болуы үшін арнайы шешім шығару қажет. Ал біздің  баспасөз бұл мәселені талқылауда сауатсыздық танытып жатыр. 

- Дегенмен, біраз депутаттар мазасызданып жүр ғой?

- Әйтеуір маған хабарласып жатқан депутаттардың барлығы да сабырлы. Заңды оқи білетін депутат мазасызданбайды ғой. Мысалы, мен мүлдем мазасызданып жатқан жоқпын. 

...Әрине, әркімнің өз пікірі, өз ұстанымы бар. Басқа-басқа облыстық мәслихат аппаратының жетекшісі «Президенттің жарлығы заң емес қой» деп, арқаны кеңге салып отырғанда бұл істен бір оң нәтиже шыға қоярына күмәнмен қарайсың. Жалпы алғанда әрбір Жарлық, заңның қоғамға, жеке адамға тигізер пайдасы, өміріне леп беретін жаңалығы болуы тиіс. 


Ғани Рысбеков, Түркістан аудандық мәслихатының хатшысы: 

- Депутаттар анау айтқандай мазасызданып отырған жоқ. Заңның қашан күшіне енетіні толық жазылмаған. Бір заңға өзгеріс енді де, басқа заңдарға өзгеріс енген жоқ. Негізі, депутаттар халықтың мүддесін қорғап жүрген азаматтар ғой. Бұдан тым мазасызданып кетеді деп ойламаймын. 

- Бұл өзгерістер мәслихаттың сапалық жұмысына әсер ете ме?

- Енді таяқтың екі ұшы бар.  Былай қарағанда, мұндай азаматтар, яғни, мектеп директорлары немесе ауруханалардың бас дәрігерлері халыққа жақындау келеді. Бұларды «әкімнің соңынан еріп кетеді» деп ел айтып жатады. Бірақ, меніңше бұл адамның өзіне байланысты. Мысалы, бизнесте жүрген азамат депутаттыққа келді делік. Оны әр саладағы комиссияларға мүше етеміз. Ол комиссия мектептер мен ауруханалардың жұмысын қадағалап отыру керек. Ал, енді ол азамат бұл саланы жетік білмейді ғой. Содан кейін аз-кем қиындықтар туындауы мүмкін. Әрине, бизнесмендердің де арасында сауатты, білікті азаматтар бар. Әйтсе де кейбір бизнесмендердің мәслихатқа өзінің жеке бизнесін қорғау үшін баратыны да жасырын емес. 

- Депутаттықты тастаймын деушілер бар ма?

- Шыны керек, әзірше мәселе талқылаудан әрі барған емес. 


Сәбит Қалдыкөзов, Түлкібас аудандық мәслихатының хатшысы: 

- Президенттің жарлығына ешкім қарсы шықпайды. Жарлық орындалуы керек. Менің ойымша, бұл бағытта біраз заңдарға өзгерістер енгізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілуі қажет. Менің түсінгенім, жарлықта «мемлекеттік қызметшілер үшін белгілі бір шектеулер қолданылсын» делінген. Яғни, мем.қызметкер депутат бола алмайды деген сөз. «Не үшін?» дегенге келсек, ол депутаттық мандатын пайдаланбауы үшін болса керек.

-  Түлкібас аудандық мәслихатының 4 депутаты бас  дәрігер болып табылады. Осыдан ауданның денсауық сақтау саласына пайда келіп жатыр ма? 

- Денсаулық сақтау саласы аудандық емес, облыстық бюджетке қарайды. Негізі, мәслихатта әр түрлі  сала өкілдерінің отырғаны жақсы ғой. Мәселен,  дәрігерлер денсаулық саласына қатысты пікір айта алады. Сондай мамандар қажет сияқты. Дегенмен, заңға осындай өзгерістер енгізіліп жатса, бұл уақыттың талабы шығар. 


Мақатай Әділхан,  Отырар аудандық мәслихатының хатшысы: 

- Мысалы, мәслихатта құрылтайшысы аудан әкімі болып табылатын ЖШС басқарып отырған азаматтар бар.  Мұның соңы қалай болады, ол жағын білмей отырмыз. Бұл жөнінде депутаттармен сөйлестім, «Арыстанбаб» ЖШС директоры болып табылатын депутат қызметін тастап, депутаттықты қалатынын айтады. Ал, қалған төртеуі қызметтерін мандатқа айырбастамайтынын жеткізді. 

 Біздің түсінігімізше, бюджеттік мекемелерді басқарып отырған азаматтарға шектеу қойылсын делінген. Ал, осы шектеу депутаттыққа ма, әлде басқа нәрсеге ме, депутаттығын толық қоюы керек пе, бұл жағы түсініксіз болып отыр.  


Тұрсынәлі Дүйсенбеков, Бәйдібек аудандық мәслихатының хатшысы:

Шынында көп нәрсені түсіне алмай отырмыз. Мәселен, біздегі мәслихат депутаттарының бірі – аудандық газеттің бас редакторы. Газеттің құрылтайшысы – аудан әкімі. Ол депутаттықтан кетуі керек пе, жоқ па? Осының механизмін күтіп жатырмыз. Мәселен, 35 пайыз мемлекеттік үлес жайлы бап бар. Осы жағы бізге әлі түсініксіздеу. Мәслихат деген атының өзі халық мүддесін қорғауға бағытталған. Мәселен, сол мектеп директорларының орнына мұғалімдер келеді, бас дәрігердің орнына қатардағы медицина қызметкері келеді. Бастысы, ол көзі ашық азамат болуы тиіс. Бұдан мәслихаттың сапасы төмендейді деп айта алмаймын. 

- Депутаттар осы болғалы отырған өзгерістерді қалай қабылдап жатыр?

- Енді бәріміз де пендеміз ғой. Мазасызданып отырғандар бар. Жалпы, бұны талқылайтын уақыт өтіп кетті. Енді тек жүзеге асыру керек.


...Әрине, Президенттің жоғарыдағы жарлығының елге, қоғамға тигізер пайдасы қаншалықты екені, қай жағының салмағы басым екені алдағы күндерде таразылана жатар. Бәріне уақыт емші дейді ғой. Қазір елді алаңдатып отырған бір-ақ мәселе: жарлық шынында жүзеге асқан жағдайда мәслихатта отырған басшылар не істейді? Халық қалаулысы қайсысын таңдайды: мандатты ма, мансапты ма? Біз сұрастырған бірқатар азаматтар бірауыздан мандатты емес, мансапты таңдайтынын айтты.

"Рейтинг" газеті

Жарнама орны

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Кореяда қанша «Айка» жүр?
  • Асқар АҚАЕВ: Атамбаев сотталады
  • Тоқаев жылына бір рет есеп беру көзбояушылық екенін айты
  • Су жаңа Президент алғашқы жұмыс сапарын Түркістаннан бастады
  • Шымкентте мерекеге келген бірнеше адамды полиция алып кетті