2017 Нобель сыйлығын ұтып алған Кадзуо Исигуро кім?

pic_77df7827b47a7fc6fbfce978c71e7df2.jpg

Биылғы Нобель сыйлығының әдебиет номинациясы британдық жазушы Кадзуо Исигуроға берілді.  Кадзуо Исигуро 1954 жылы 8 қарашада Нагасаки (Жапония) қаласында туған. 1960 жылы Исигуроның отбасы Ұлыбританияға эмиграцияланды. Жазушы бала күннен музыкант болсам деп армандайды. Түрлі клубтарда саз ойнап бастаса да, оның тудырған шығармалары ешкімді елең еткізе қоймайды. 1978 жылы Кадзуо Кент университетінде ағылшын филологиясы мен әдебиеті мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алады, екі жылдан соң магистр атанады. Әдебиеттегі қадамы 1981 жылы басталды. Сол жылы жас жазушылар антологиясына оның үш шығармасы енеді.  

Исигуроның тұңғыш романы «Мұнар шалған дөңдерде»  туған қаласы Нагасакиге атом бомбасын тастағаннан кейінгі ахуал сипатталады. Бұл романы 1982 жылы жария болған. Аталмыш кітабы ұлттық әдебиет сыйақысын ұтып алды. Әлемнің 13 тіліне аударылды. 1983 жылы Кадзуо Англияның ең мықты жазушыларының бірі атанды. Жазушының екінші романы «Баянсыз ғаламның суретшісі» 1986 жылы шықты. Бұл шығармасы да жапон еліне арналған. Сол жылғы Ұлыбританиядағы Уитбред премиясын қанжығасына байлады. 1989 жылы жазылған «Бір күннің сарқындысы» нағыз «ағылшындық» роман болып танылды. Исигуро Джозеф Конрад пен Владимир Набоков сынды бойына өзге елдің тілі мен әдебиетін мейлінше сіңіргендігімен де көзге түсті. Исигуроның бұл кітабы 1989 жылдың өзінде Букер премиясын жеңіп алып, әдебиет әлемінде тосын жағдай танылып, елді дүр сілкіндірген құбылыс атанған-тұғын. Сол кездің өзінде-ақ осы жеңісі жазушыны танымал ағылшын прозаиктерінің қатарына қосты. Төрт жылдан соң Энтони Хопкинс басты рөлді сомдаған романның экранизациясы дүниежүзін шарлады. 1995 жылы «Жұбанышы жоқтар» атты романы жария болды. Исигуроның ең бір күрделі туындысы. Шығармада әдеби әрі музыкалық аллюзиялар мол. Туындыдағы протагонист, яғни аты аталмайтын орталық еуропа еліндегі музыкант, өмірінде бірінші рет бүгінгі заманның шындығымен бетпе бет келеді. Ескі шығармаларында Исигуро үнемі өткен шақ пен бүгінді қабыстырып отыратын. Исигуро бүгінге дейін небәрі сегіз кітап жазды. Кітаптары әлемнің 40-тан аса тілдеріне аударылған.        

Кадзуо Исигуро бірнеше сценарийлердің авторы. Оның дайын романдарына да кинолар түсірілгенін жоғарыда атап өттік. 2005 жылы Time журналының іріктеуінше «Мені жіберме» атты Исигуроның ең тамаша туындысы жазылды. Бұл шығармасы да киноға сұранып тұрғандықтан, режиссер Марк Романек аттас фильм түсірген. 

Кадзуо Исигуроның бүкіл шығармашылығын өте нәзік психологизм біріктіріп тұр. Оның романдарының басты кейіпкерлері өздерін түсініп, қабылдау үшін өзінің, елінің, отбасының өткен өмірін електен өткізумен болады. Бір қызығы Исигуро оқырманына кейіпкерлерінің іс-әрекетін неге бұлай болғанын, не себеп болғанын ләм деп түсіндірмейді. Оқырманның өз бетінше ойлануына мүмкіндік қалдырады... 

Автор халықаралық романдар жазуды армандайды. «Халықаралық роман дегеніміз не? Дүниежүзіндегі шығу тегі бір адамдарға өмірді, өмірдегі ең маңызды дүниені өте қарапайым түрде түсіндіріп бере алатын роман» дейді Кадзуо Исигуро. 

Бүгінгі таңда жазушысы Лондонда тұрады. Отбасы бар. Отбасында бір қыз тәрбиелеп отыр.


Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: