Шойбек Орынбай: «Қамаудан құтылу үшін әкемді «мылтықпен аттым»

Screenshot_7.jpg

Шойбек Орынбай, жазушы, журналист-баспагер, «Евразия КZ» газетінің бас редакторы:

Бесiншi сыныпты бiтiрiп, жазғы демалысқа шықтық. Ауыл баласының бәрi мәз. Шағын каналдың суына түсемiз, доп қуамыз, қырдан сарышұнақ (итжалманның бiр түрi) аулаймыз дегендей. Әке-шешемiз де бiздi үй шаруасына жегедi. Шөп тасимыз, малға қарасамыз, егiн жинауға көмектесемiз. Ара-арасында зып берiп, ойын қуып кететiнiмiз бар. Ойыннан басқа менiң қызығатыным — кiтап оқу. Сол жылы «Том Сойердiң басынан кешкендерiн» оқып шығып, кейiпкерге керемет елiктедiм. Том болғым келдi ғой баяғы. Кейiпкермен жасымыз да шамалас, он бiр-он екiдемiз.

Ауылда жазғы картоп жиналып жатқан. Үлкендер оны Шымкенттегi базарға апарып сатады. Мен болсам кiтапты қолттыққа қысып, кеңшардың алма бауына қашып кеттiм. Сыныптасым Қауашқа парақтап отырып, әңгiмелеп бермекпiн. Ол да мәз емес екен, үйiндегiлерге қауын-қарбыз жинаспай қашып шыққан. 

Не керек, түнде ұйықтауға барған жерiмде қолға түсiп, тәп-тәуiр шапалақ жедiм. Содан таңатқанша ойландым ғой. «Мұндайда Том Сойер не iстейтiн едi» деп.

Таңертең Қауашты iздеп таптым. Ол да тиесiлi жазасын алыпты. Маған серiк болуға дайын екен. Сөйтiп үйден бiржола қашуға бекiндiк. Қолдан жасалған қармақтарымызды алдық. Дорбамызға нан, құрт, сүрленген ет салдық. Үйдiң iшiн ақтарып жүрiп, аздаған ақша да таптық. Жаздық киiмдердi де алуды ұмытпадық. Жұқа төсенiш пен жамылғыны буып-түйiп, Қауаш арқалап алды.

Screenshot_8.jpg

Шойбек Орынбайдың студенттік шағы

Сәске кезiнде ауылдан жасырынып шығып, қамысты тоғай арқылы сол арадан 15-20 шақырымдай келетiн Жаскешуге бет түзедiк. Жаскешуден екi-үш шақырым жерден Келес өзенi жайылып ағатын да, жағасы нулы қамыс пен жыңғылға тұнып тұратын. Ол араны бiлемiз, бiз үшiн таптырмайтын «микроджунгли». Қас қарая сол жерге жетiп жығылдық. Ертеңiне тоғайдың қалың ортасынан қураған қамысты орап күрке жасадық.

Әлi есiмде екi жұма сонда өмiр сүрдiк. Рахат. Балық ұстадық. Ауылдың кейбiр қаңғыбас үйрек-қаздары ағыспен сол араға дейiн келiп-кетедi екен. Солардың қайтпай қалғандары болды ендi. «Бiздi тани қоймас» деп ауыл дүкенiне барып тұз, нан, сiрiңке сатып алдық. Жолай бiреулердiң сыртта тұрған ескi кастрөлiн қағып алып кеттiк. Өзiмiзше Том Сойермiз ғой.

Дүкенге үшiншi рет барғанда қолға түстiк. Жоғалғанымыз туралы милицияға хабарланса керек. Оп-оңай үйiмiзге жеткiздi. Әкем көп сөйлемейтiн, бiрақ қаталдау адам едi. Жақсылап сазайымды тартқызды да, бiр бөлмеге сыртымнан құлыптап қамап тастады. Терезесi темiр торлы болатын. Ұйықтайтын темiр кереуетi бар, әйтеуiр. Әкем аштан қатып қалмасын дейтiн болса керек, өзi тамақ әкеп бередi де, есiктi қайта кiлттеп тастайды.

Үш тәулiк шыдадым. Жазаның тап бұлай боларын бiлгенде Том Сойер болмай-ақ қояр едiм. Ойланып барып елiктеу керек екенiн түсiндiм. Түсiнiп тұрсам да әлдебiр қиқарлық бәрiбiр жiбермейдi. Бөлмедегi барлық бұйымның iшi, сыртын, қуыс-қуысын ақтарып жүрiп тапқаным үлкен сандықтың iшiндегi заттардың арасына шүберекпен орап, тығып тастаған құс мылтық едi. Бес-алты оғы да бар екен. Мылтық атуды үйреткен әкемнiң өзi болатын. Ендiгi амалым оқтың дауысын шығарып, оларды үрейлендiру керек. Сонда «мынау бiр пәлеге ұрынар» деп менi бостандыққа жiберер деген ой ғой. Мылтықты алдым. Оқтадым. Төргi қабырғаға қарай кезендiм. Сөйтсем онда әкемнiң әйнекке салған суретi iлулi тұр екен. «Әйтеуiр бiр нәрсенi нысана етуiм керек қой» деп, демiмдi iштен алып, мылтықтың дүмiн оң иығыма қатты тiрей қысып, шүрiппенi басып кеп қалдым. Гүрс еттi. Ұңғыдан түтiн шықты. Суреттiң әйнегi шатырлап шашырап кеттi. Сырттан «ойбайлаған» дауыс естiлдi. Не iстерiмдi бiлмей сасып қалдым. Мылтықты тастай салып, домалап жата кеттiм.

Әкем мен анам менi көргенде өзiн-өзi атып алды ма деп қорқыпты. Анам жылап жүр, әкем тұла бойымды сипалап қарап жатыр. Әйтеуiр ұрған жоқ. «Әй, ақымағым-ай! Өзiң ғой... өзiң ғой» дей бередi әкем.

Бытыра суреттiң тамтығын қалдырмай, шұрқ тесiк етiптi.

Үш-төрт жылдан кейiн мақта терiп, ақша таптым да әкемнiң суретiн үлкейтiп, орнына iлiп қойдым. Балалық-ай десеңшi...

Дайындаған Шадияр Мекенбайұлы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
  • Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
  • Шалатай Мырзахметов, депутат: «100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
  • Нұрлан САНЖАР: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар
  • Қайырғали МЕДЕТ: Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: