Әйелдер Оңтүстік Қазақстан облысын жаулап алуға көшті

    Screenshot_4.jpg

«Рейтинг» газеті жанындағы «Рейтинг-Media» талдау-зерттеу орталығы 8 наурыз-Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыстағы ықпалды және танымал әйелдердің рейтингісін анықтау үшін  саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, ұлттық-мәдени орталықтар өкілдері, мәслихат депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлердің арасында телефон шалу арқылы сауалнама жүргізген болатын. Сауалнама қорытындысын кеңірек сараптап беруді жөн санадық.

 Ықпалдылығы жөнінен  бірінші орында көп жылдан бері  облыстың қоғамдық-саяси өмірінде белсенділік танытып келе жатқан Клара Әліпова. Сауалнамаға қатысқандардың тең жартысы Клара Төлендіқызының беделі мен абыройын, жасына қарамай әлі де қоғамдық істерге белсене араласатынын атап өтті.  «Осы кісіден үлгі алу керек», «Клара Төлендіқызынан басқа сөзі өтімді азаматшаларды көріп тұрғаным жоқ» деп пікір айтқандар аз емес. Бірнеше жылдан бері Оңтүстік Қазақстан азаматтық Альянсының төрайымы болып қызмет етіп келе жатқан Әліпова ханым бұған дейін шашырап жүрген ондаған үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіріп, бір бағытта жұмылдыра білді. Сонымен қатар, оның жетекшілігімен «Кемел» атты әйелдер клубы да сәтті жұмыс атқарып келеді. 

Екінші орында облыстық мәслихаттағы жалғыз әйел-депутат, «Береке» ЖШС-ның бас директоры Рәшкүл Оспанәлиева. Мәслихаттағы сөзі өтімді. Орынды ұсыныс-пікір айтатын таңдаулы  халық қалаулыларының бірі. 

Үшінші орын шенеуніктер  иерархиясының жоғарғы жағында жайғасқан  облыс әкімінің орынбасары Эльдана Сәдуақасоваға бұйырды. Жалпақ жұртқа онша таныла қоймағанымен, облыс үшін маңызды шешімдерге белгілі дәрежеде ықпалы жүретінін жасырмаймыз. Мәскеуде саяси-экономика мамандығы бойынша тәлім алған Эльдана Макинқызының карьерасы кім-кімді де қызықтырады. 29 жасында көлік және коммуникация министрлігінде экономикалық саясат пен сыртқы байланыстар департаментін басқарды. Саяси портретке тағы бір штрих: Қазақстан тарихында Азаматтық авиация комитетін басқарған тұңғыш әйел. Соңғы бес жылы облыстың экс-әкімі Нұрғали Әшімовтың командасында өтуде. Сарапшылар Эльдананың экономикалық сауаттылығын алға тартады. Дегенмен, Эльдана Макинқызы – кеңсесінен шықпай жұмыс істейтін шенеуніктердің қатарынан. Қоғамдық іс—шараларда белсенділігі байқалмайды. Әйтсе де, экономикалық мәселелерге байланысты оның да пікірі ескеріледі. Бұйыртса, биыл 40-қа толады. Томирис атты қызы бар.  Сүйіп тыңдайтын әншісі – Виктор Цой мен «Битлз» тобы. Көбіне «Версаче» иіс суын пайдаланады. 

Таңдау танымалдыларға түскенде  көпшіліктің көзқуанышына айналып жүрген көркем гимнастшы  Әлия Жүсіпова талассыз топ жарды. Облыс қана емес, қазақ елін дүниежүзіне танытқан Әлияның танымалдылығына ешкім де күмән келтірмес. Екі бірдей Олимпиадалық ойында өнер көрсетіп, жүлделі орынға тек қазылар алқасының әділетсіздікке жол беруінің кесірінен іліне алмаған спортшының есімін репонденттердің үштен бір бөлігі атауы да содан. 

31a59d8e9213d00f019375644f753c68.jpg

Танымалдылығы жағынан Әлияға есе жіберген облысымыздағы ең ықпалды әйел - Клара Әліпова екінші орында. 

Есімі елге белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызы танымалдылық тізімінде  алғашқы үштіктен көрінді. 

  Статистикалық көрсеткіштерге сенер болсақ, әйелдер мен ерлер санының тепе-теңдігі әзірше сақталып тұр. Саннан сапаға ауыссақ жылдан жылға әйелдер қоғамның саяси кеңістігі мен бизнес ортаны жаулауы, белсенділігі артып келеді.

Жарнама орны

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Туберкулездің азаюына үлес қос!
  • Туберкулез жүктілік кезінде де болады
  • Министр бір үйде тұратын екі-үш отбасының табысы қалай есептелетінін айтты
  • Премьер-министр Түркістандағы құрылыс жұмыстарымен танысты
  • Күйеуі жұмыс істейтін көпбалалы аналарға мемлекеттен көмек берілмейді