Мархабат Байғұт: «Киіз үй келемежге, шапан-қалпақ күлкіге айналмауы керек»

Screenshot_3.jpg

Мархабат Байғұт, жазушы-журналист,халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

  Басқа жақтарды қайдам, біздің Таупістелі ауылында әр жыл сайын Наурыз аталмай қалған емес. Ауыл адамдары Наурызға ерте бастан дайындалатын. Әркім, әрбір үй мүмкіндіктеріне қарай, әрине. Киім-кешек жаңалайды. Жоқ болса, ескілерін жуып, жамап, тазалайды. Үй-жайларын әктейді. Наурыз көжеге керекті сүр еті мен қазысын, бидайы мен арпасын, тарысы мен ноқатын (бұршақ), күріші мен жасымығын реттейді. Қыз-келіншектер қыстай кестелерін тігіп, торларын тоқып шығатын. Наурыз мейрамында көрсетіп, өнер жарыстыру үшін. Тіпті бар ғой, Наурыз мерекесіне әзірлік алтын күзден басталатын. Біздің Таупістеліде сары күзде сарықызыл текеметтер басылатын. Оларды да негізінен көктемде  күнге шығарып жайып, Наурыз өтетін көгалды беткейге апарып төсейтін. Текеметтер көрмесі ұйымдастырылып, озып шыққандарға бәйге берілетін. 

  Наурыз мерекесінің алдында арықтар мен атыздарды, уаттарды тазалап шабу, алма ағаштарын, жүзімді бұтау, жаңадан көшеттер отырғызу, ауылдағы барша бастаулардың көздерін ашу, бау-шарбақтарды бүтіндеп, жаңарту, жаңғырту, жабағыларды, тай-құнандарды күзеу, қозы-лақты көгендеу, қора-қопсының көңін ойып, тазарту сияқты жұмыстар өзгеше бір құлшыныспен атқарылатын. Ұлыстың Ұлы күнін ең алдымен қай қыратта, қай сайдың табанында, күнес беткейде немесе жотаның ықтасын тепсеңінде өткізу жайы алдын-ала ақылдасып шешілетін еді. Мереке болатын күні әлгі тепсеңде немесе беткейде отыратын, ойындар өтетін орындар, ән шырқалатын, би билейтін, ошақ қазылып, қазан асылатын және сары самаурындар сап түзейтін тұстар белгіленіп, жұмыс қызу басталып кетеді. Одан ары қарата белгілі ғой. Сценарийлер әр жыл сайын өзінен өзі өзгеріп, жаңарып, жетілдіріле түседі. Ақсақалдар бата береді. Тілек тілейді. Ошақтарға асылған қазандарға қосымша небір Наурыз көжелердің түрлері әрбір үйден де әкелінеді. «Пәленше апаның көжесі», «Түгенше келіннің көжесі» десіп, дәм татысады. Бата беріледі. «Пәленше атаның батасын алайық», Түгенше әженің тілегін тыңдайық» деседі. Бір кезде ән басталады.  

Кестелердің, торлардың, алаша мен текеметтің көрмелері өтеді. Одан соң ойындарға кезек келеді. Балалар асық ойынынан жарысады. Қашпа доп дейтін ойын өтеді. Келесі кезекте арқан тартыс, қазақша күрес, қол күрес, ағаш аяқ, бұқа тартыс, қатын күрес… Аударыспақ пен теңге ілу де өтетін жылдар болатын. 

   Қадірлі аталар мен әжелерге немесе құрметті қонақтарға жас өскіндердің, балдырғандардың тұсауын кестіру де қызық болушы еді. Балалардың білім-білік жарыстары, жұмбақ шешу, үлкендердің дүниетаным жағынан бәсекелесуі де ұйымдастырылатын. Әлсін-әлсін әнге кезек беріледі. Ұрысып, керісіп, араздасып қалғандарда табыстыру, татуластыру шаралары тартымды өтіп, жұртқа ой салып, толқытатын. Кемпір мен шалды құшақтастырып, сүйістіру салты да болушы еді. Оның не себептен жасалатыны есте қалмапты. Этнограф, тарих білгірі Жағда Бабалықұлына құлақ қойсаңыз, ол кісінің жазуына қарасақ, Наурыздың басталғанына 13 мың жыл болған, Наурыз Қазығұрттан басталған деп, Нұқ пайғамбардың кемесімен, Қазығұрттайын қасиетті, киелі таудың тауарихымен тығыз байланыстырып, түрлі-түрлі дәлел-дәйектер келтіреді. «Наурыз» деген сөздің түп-төркіні парсыдан дейтіндерге де таласатындар табылады. Түркі тектестердің, оның ішінде қайран қазақтың да талай-талай сөздерін парсыдан енген дей беретініміз бар. Солардың көпшілігі атам заманда өз ата-бабаларымыздың аузынан шығып, тілінен туып, парсыларға ауысып кетіп, қайта оралғанын дәлелдеушілер де табылып жатыр. Сондықтан «Наурыз» сөзінің түп-төркіні түркіден, тіпті, одан да әрі болмағы бек бәлкім. 

  Наурыздың маңызы мен мәні, тарихы мен тағдыры, орны мен рөлі, бағзыдағысы мен бүгінгісі хақында айтушылар мен жазғандар баршылық. Данышпан Абай мен Шәкәрімдейін шайыр әрі терең ойшыл бірталай нәрсені бәдіздеген. Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов та, Алаштың басқа қайраткерлері де Наурызға таңдай қаға баға берген. Ғабит Мүсірепов түптің-түбінде жыл басы Наурыз болуы тиіс, адамзат осыған қайта оралады, себебі, шын мәніндегі жыл басы – күн мен түннің теңесіп, жаңа күннің басталуынан деген. Қаншама қиын кезеңдерде де, ашаршылықта да, патшалық Ресей отаршылығы ғасырларында да, тоталитаризм тұсында да ретіне қарай, мүмкіндікке орай мерекеленген. Аздап болса-дағы атап өтілген. 

Мемлекет, республика, бүкіл ел көлемінде мерекелеудің әртүрлі кезеңдерде әртүрлі болғаны, тіпті кей тұстарда тоқтап қалғаны белгілі. Саясатқа қарай сан құбылулар орын алды. Әсіресе, 1926 жылдан кейін мемлекеттік деңгейде мән берілмеді деседі. Алайда, ауылдар Наурызды ұмытқан жоқ. Бәрі болмаса-дағы, көпшілігі. Наурыздың ресми деңгейде қайтып оралуына бірқатар ақын-жазушылар үлес қосты. Ұмытылды делінетін жылдардың өзінде бірқатар басылымдар жазып жатты. Ақын-жазушылар жырлап жатты. Ал сексенінші жылдардың екінші жартысынан бастап Наурызды кең көлемде оралтуға Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Шаханов сынды қайраткерлер белсене үлес қосты. 

 Наурызды мерекелеу мемлекеттік, халықтық сипат алған сексенінші жылдардың соңынан бері байырғы салт-дәстүрлер жан-жақты жанданып, жаңашылдықпен үйлесе, үндесе, ұласа түсті. Жаңаша сценарийлер пайда болды. Өкінішке қарай, бұл орайда да біржақтылық, асыра сілтеушілік, аста-төк ысырапшылдық, талғамсыздық орын алып, даңғазалыққа, әсіреңкілікке, әулекілікке ұрынушылық басым болатын жағдайлар жиі кездесетіні жасырын емес. Рас, Қазақ елі, тәуелсіз мемлекетіміз Наурызбен аңсап, сағынысып табысты. 1988-1995 жылдары жер-жерде, қалаларда, аудан орталықтарында, кенттерде, ауылдарда небір-небір тамаша Наурыз мейрамдары өтті. Әсіресе, мектептер, мекемелер, арнаулы орта жоғары оқу орындары үлкен үлес қосты, рухтана түсті. Бірақ, бірте-бірте жаңа ғана айтып өткеніміздей сыңаржақтық, даңғазалық, мазмұнсыздық белең алды. Мәселен, қай жерде де киіз үйдің келеке мен келемежге келіңкірейтін макеті қойылады. Шапан және қалпақ киген болады. Осы шапан және қалпақ нағыз мазаққа айналып кетті. Қайран қайраткеріміз, ұлттың рухани көсемдерінің бірі Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз айтып, жазып кеткен ұлттық киім ұнасымы ұмыт қалып, шапан мен қалпақ қалай болса солай тігілетін болды. Оқырайған оюлар мен ақырайған айшықтар. Тек бір жабуға жарайтын, күнделікті киюге де, тіпті, Наурыз мерекесіне пайдалануға да келмейтін күлкілі шапандар жүрегіңді айнытып, рухыңды жасытады. 

Наурыз мерекесін жиналып алып, ішіп-жеу, ас та төк ауқат-тамаққа тою деп түсінушілік басым. Тіпті, мереке соңын әзәзіл арақпен ұластырып, Ұлыстың ұлы күнін ішімдік ішетін сылтауға айналдырып бара жатқандаймыз. Еркек-қызына қарамастан. «Ақ мол болсынды» «ақ арақ» мол болсынға айналдырып алған «әзілкештер» де жоқ емес. Сол сияқты жарассын-жараспасын, әйтеуір салт-дәстүрдің жөні осы екен деп, келін түсіру, қыз ұзату, бесікке салу, сүндетке отырғызу сияқтыларды жыл сайын, жаппай тықпалап көрсете беру де үйлеспейді. 

Айта берсек, кемшіліктер, бұра тартушылықтар, ойсыздық пен өресіздік жетіп-артылып жатыр. Біздің мақтаулы ауылымызда да Наурыз баяғыдай өтпейтінге кеткен. Дәстүрді жаңашылдықпен үйлестірейік дейтін адам жоқ. Қалай болса солай, түннен қалған тамақ, талғамсыз көже-пөжелерін бір жерге жиналып алып, ішіп-жеп, өсек соғуға, саясатты сапыруға қарата бейімделіп кеткенін байқайсың. Жүрегің ауырады…

Кім білсін, мүмкін алдағы уақытта дұрысталар. Газет-журналдарда, кітаптарда жазудайын жазып-ақ, айтудайын айтып-ақ жүргендейміз. Біздің қолдан келетіні – жазу ғана…

Наурыз баршамызға бақ-берке әкелсін!

"Рейтинг" газеті

Жарнама орны

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сәбит Әбдіхалықов: Вашингтон, Рим ұлы қайраткерлердің атымен аталған
  • Нұрлан : 5 әйелім бар
  • Димаштың Кремльдегі алғашқы концерті аншлагпен өтті
  • Ақбота Керімбекова төртінші рет тұрмыс құра ма?
  • Еспанов әйелі өзінің оқушысы болғанын айтты