Несие төлей алмаған ана асылып өлді

Screenshot_11.jpg

Соңғы кезде «Әлемдік қаржы дағдарысының қиындығын бірге бастан өткеріп, көмегімізді аянбаймыз» деп көпшіліктің алдында ұрандатып сөйлейтін ауруға шетінен шалдыға бастаған шенеуніктердің тірлігі шындығына келгенде өтірік көлгірсу, көпе-көрнеу көзбояушылық демеске лажымыз қайсы?  «Молданың айтқанын істе, істегенің істеме» демекші  олар халықтың тағдырын ойласа қаржы дағдарысы төбеден төніп тұрған тұста мінгендеріне  көп бола қоймаған «темір тұлпарларын» «тар жол, тайғақ кешу» кезеңде ауыстырып, бюджеттің қыруар қаржысына «Джип», «Тойота- Камри» сияқты  шетелдік көліктерді аса қымбат бағаға сатып алуға елігіп, желігіп жетісер еді дейсіз бе? Бюджеттің қаржысы халықтың табан ақы, маңдай терінен құралса да сол халықтың өзіне бұйырмаған қаржыны әкімқаралардың өздері әкесінен қалған дүние секілді  оны оңды –солды шашып, талан-таражға түсіріп жүргендері  бір бұл ғана емес, өт-е-е көп. Бұл тақырыпқа алдағы уақытта журналистік зертеу жүргізбекшіміз. Ал қаржы дағдарысының кесірінен адам да, аң да  ажалдың тырнағына ілігуі күн санап көбейе бастағаны тұла бойыңды түршіктіреді. Зообақтағы аңдардың қырылуы, сирек кездесетін аң-құс түрлерінің біртіндеп жойылуға айналуы алаңдатуда. Ең сұмдығы сол қаржы дағдарысының алғашқы «құрбандықтары» туралы, дәлірегі адам өліміне апарып соққан оқыс оқиғалар қайталанып жатыр.  Тақрыпты тарқатып айтайық.

 Шымкент қаласы «Қазығұрт» мөлтекауданында тұратын Айтуовтар отбасы  ойда-жоқта қайғыдан қара жамылып қалды. Осыдан бірер апта бұрын орын алған жантүршігерлік оқиға:шиеттей 3 баланың анасы 37 жасар Үрзада Айтуова асылып өлді. Отбасы мүшелері бұған банкті кінәлап отыр.  

- Желтоқсан айының соңында ұлымның үйіне банктің екі қызметкері  келді, - деп есіне алады  марқұмның енесі Айымкүл апа. – Ол кезде Әділсейіт жұмысында, үйде жалғыз Үрзада болатын.  Келінім өте момын еді.  Қаттырақ айтылған сөзді жүрегіне жақын қабылдайтын. Әлгілер  «қарызыңды төле, немесе сені соттаймыз. Масқара болып түрмеге түсесің» деп қорқытып, қоқан-лоққы жасаған. Сол қорыққаннан келінім ертеңіне дейін дел-сал күйде жүрді. Оны тіпті мектептегі әріптестері де байқаған. Ал кешке таман немерем Оразбек сарайда анасының  өлі денесін табады. Мойына жіп байлап, асылып өлді, байқұс.   

Марқұм №48 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс  істейтін. Үрзада өзіне қол жұмсаудан бұрын хат жазып, онда «маған шегінуге жол жоқ. Түрмеде жатсам сендердің беттеріңе салық болады. Одан да өлсем, 1-2 айда ұмыт боламын», деп жазып кетіпті.  

 - Немерелерім ол үйге бармаймыз деп жылап жүр. Қазір барлығы менің  қолымда, - дейді Айымкүл апа көз жасын жасыра алмай. – Не істерімізді білмейміз.  Банктегілерден хабар жоқ. Несиенің қарызын сұрап келсе не дейміз? 

   Екі жыл бұрын үйсіз жүрген Әділсейіт пен Үрзада «Қазығұрт» мөлтекауданынан 3 бөлмелі шағын үйді қарастырады. Ақша жетіспеген соң, банктен несие алуға шешім қабылдайды.  Тез арада  делдал да табылады. Ол «қажетті құжаттардың барлығын жинап, жоғары  айлық көрсетіп, барлығын қатырамын» деп сендіреді. Ерлі-зайыптылар  «әйтеуір, біздің де баспаналы болатын күніміз бар-ау» деп, қуаныштарын жасырмайды. 15 жыл бойы ай сайын 62 мың теңгедене төлеу  керектігін Әділсейіт пен Үрзада тек құжаттарға қол қойып, несие алған соң ғана білген. Екеуінің айлық табысы – 40 мың теңгеден аспайды. Делдал әйел де  қарап тұрмай, «саспаңдар, алғашқы 8 айдың төлемақысы төленіп қойған. Арғы жағының бір мәнісі болар», деп көңілдерін орнына түсіреді. «Жұрттың барлығы алып жатыр ғой, біз де жерде қалмаспыз» деп Айтуовтар жаңа үйге көшеді. 

Ақшаны төлейтін уақыт келген соң  Үрзаданың телефонына банк қызметкерлері хабарласа бастайды.  «Қарызды қашан  төлейсіз, уақыт соза берсеңіз сотқа жүгінуімізге тура келеді» деген ескерту жасалды.  Бір айлық табысы бала-шағасына тамағына әрең жететін отбасыда 62 мың теңге қайдан табылсын!  

Қоғамда банк пен несиеге қатысты екіұдай пікір туындап отыр. Бірі банкті кінәласа, өзгелері несие алған адамның өзін айыптап шығады. Қазір бұл мәселеге қаржы полициясы да білек сыбана кірісіп кетті. Құқық қорғаушылар «алаяқтық жасады» деген күдікпен  бірқатар азаматтарды  жауапкершілікке тартуды көздеп отыр. Себебі, несие алу үшін банкке жалған құжат өткізгендер аз емес. Екі бөлмелі шағын үйшікті екі қабатты зәулім үй етіп, немесе лайдан тұрғызылған үйді күйдірілген кірпіштен соғылған  деп көрсетіп, қыруар қаржы алғандардың ісі сотқа өткізіліп жатыр.  Есесіне, Алматыдағы қарсылық акциясына екі өкілін аттандырған «Халықтың баспанасын қорғайық» ұйымының мүшелері жауапкершіліктің барлығы – банк қызметкерлерінде деп есептейді. 

    Сіз не дейсіз?

    БАНКТЕР АРАЛАСПАСА ЖАЛҒАН ҚҰЖАТ ЖАСАЙ АЛМАЙДЫ 

      Гүлайша  Мүсілтаева, «Халықтың баспанасын қорғайық» қоғамдық қозғалысының мүшесі: 

Банктер халықты қанап отыр. «Қазығұрт» мөлтекауданындағы жантүршігерлік оқиғадан  басқа да қайғылы жағдайлар  орын алып жатыр. Кеше ғана бізге Мақтааралдан бір келіншек келді. Несие алып, соны төлей алмаған соң күйеуінің қан қысымы күрт көтеріліп, о дүниелік болды. 

- Кейбір тұрғындардың  несие алу үшін банкке жалған құжаттар өткізгені анық.  Соларды қазір соттап жатыр деп естідік. 

- Мұнымен келіспейміз. Олар алаяқ емес, керісінше, құрбан болып отыр. Банктердің өзі кінәлі. 

- Қалайша?

- Барлығын  істеп отырған арада жүрген делдалдар  емес пе? Олар банк қызметкерлерімен тығыз  жұмыс істеп,  құжаттардың барлығын қолдан жасап жүрді. Сонда банк қайда қарап отырды? Қарапайым адамның  жалған құжат жасауға шамасы жетпейді.  Ақыры соттайтын болса банк пен құжаттарды рәсімдеген  ұйым қызметкерлерін де жауапкершілікке тартсын.  

  - Алматыдағы аштық акциясына қатысып отырған бірқатар азаматтардың иелігінде 4-5 пәтер, тіпті ірі риэлторлық компангиялар бар деген хабар тарап жатыр. 

- Мұның барлығын  арандату деп білеміз. Қарсылық білдіріп жатқандарды осылайша жеңеміз деп ойлаған биліктің әрекеті. 

- Қозғалыс мүшелерінің арасында мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келген алаяқтар бар ма?

- Бар болса бар шығар. Біз оларды тексере алмаймыз ғой. Адамның аласы ішінде. Әркімнің ұяты білсін. Басқасы үшін жауап бере алмаймын,  өзімнің жалғыз-ақ баспанам бар. Ол да – банкте кепілдікке қойылған.

    БАНКТІҢ ҚАНДАЙ КІНӘСІ БАР?

Низамиддин Жамашев, Шымкент қалалық Әл-Фараби сотының төрағасы:  

- Несие алғандардың көпшілігі  банктерді кінәлап отыр. Олардың айтар уәжі: «құжаттарды қолдан жасауға қарапайым азаматтардың  шамасы келмейді.  Банктің адамдары сол құжаттарға қол қояды емес пе?». Бұған не дейсіз?

- Құжаттарды тапсырып отырған банктің адамы емес, клиент қой. Ол бағалаушыға барып, үйін  6 миллион теңгеге бағалайды. Банк осы құжатқа сүйене отырып, үйді кепілдікке алады да айталық, 4 миллион теңге несие береді. Клиент қарызын  төлеуді тоқтатады.  Банк өкілдері үйіне іздеп барса,  ол жерде не шатыры, не басқасы жоқ  «времянка» тұр. Бағасы әрі кетсе мың доллар.  Бұл жерде банктің қандай кінәсі бар?

- Жалған құжатпен несие алғандарға қатысты қандай жаза қолданылуы мүмкін?

- Несие қаржысының көлеміне  байланысты. «Алаяқтық туралы»бапқа сәйкес, егер қаржы мөлшері  500 мың теңгеден жоғары болса, 5 жылдан жоғары мерзімге сотталуы мүмкін. 

- Қазіргі таңда сотқа қанша іс келіп түсті?

- 15 іс қарап жатырмыз.  

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: