Шымкенттегі салықтан қашқан тойханалардың артында кімдер тұр?

1548313351140502.jpg

Шымкентте кәсіпкерлердің 90 пайызы көлеңкелі экономикада жұмыс істеп, мүмкін болса табысын жасырып қалады. Соның салдарынан қала бюджеті 7 миллиард теңгеден қағылып отыр. Мегаполистің дотациялық қаладан, донорлық қалаға айналуына әлі қайда-а-а.

  - Базардағы кәсіпкерлердің арасында салықты төлеуде 200 есеге дейін айырмашалық бар. Мәселен «Дархан» базарында түрлі тауар сататын бір кәсіпкердің жылдық айналымы 24 мың теңге болса, ол салыққа  бір жылда 720 теңге төлейді. Ал «Алаш» базарындағы ыдыс- аяқ сататын келесі бір кәсіпкердің жылдық айналымы 6,9 миллион теңге, төлем салығы 138 мың теңге. Әр шалбары 5-10 мың болатын алдыңғы кәсіпкер қалайша 720 теңге ғана төлейді? «Ескі қалашықтағы» құрылыс заттарын сататын базарда 58 кәсіпкер жұмыс істейді. Кафель көтерме бөлшектерді сатумен айналысатын Хасановтың жылдық айналымы 600 мың теңге, жылдық салығы 12 мың теңге. Құрылыс заттарын сататын Ахметовтың жылдық айналымы 500 мың теңге, ал бір жылға төленген салығы 10 мың теңге ғана,-деді өткен аптада қалалық әкімдікте өткен жиында Шымкент қаласы бойынша салық  департаментінің басшысы Нұралхан Көшеров. 

«Қаладағы 118 тойхана бар. 2018 жылы осы тойханалар заңға сай төлеуі тиіс 206 миллион теңге мүлік салығының орнына 38 миллион теңге төлеген. Мәселен, «Көркем» тойханасының көлемі 3444 шаршы метр. Ал бір шаршы метрге бағалау құны толық 90 миллион теңгені құраған. Яғни, нысанның бір шаршы метр бағалау құны 26 мың теңге. Ал осы тектес «Grand Holiday Hall» тойханасының көлемі 7945 шаршы метр, бағалау құны 817 миллион теңге. Немесе  бір шаршы метрінің бағалау құны 102 мың теңге. Нақты айтқанда екі нысанның бағалау айырмашылығы 4 есені құрап, бір шаршы метріне 76 мың теңге төмен белгіленген. Осы екі нысанды «Эстетсервис» ЖШС бағалаған. Оның директоры Нысанбаев қазір жиынға келіп еді, бірақ осы сұрақ көтерілетінін біліп, сылтау айтып шығып кетті,-деді мегаполистің бас салықшысы. 

Департамент басшысының айтуынша,  Шымкентте  беделді азаматтардың тойханалардың арасында мүлік салықтарын мүлдем төлемейтіндер бар. Олардың қатарында «Қазақстан-2030» бюджетке жылына 5,6 миллион теңге мүлік салығын төлеуі тиіс болса, екі жыл бойы төлемеген. «Royal Rose» тойханасы бойынша кәсіпкер Сартаев 2017-2018 жылдары мүлдем салық төлемеген. Сырттай бақылау кезінде онда 52 адамның жұмыс істейтіні анықталды. «Физули» кафесінің 2017 жылдағы айналымы 40 миллион 800 мың теңге көлемінде болған. 12 жалдамалы жұмысшыны көрсетіп, бюджетке 2,3  миллион салық төлеген. 3 залы бар «Мұса» тойханасының бір жылдық айналымы 2 миллион теңге, жұмысшылар санын үшеу деп көрсетіп, бар болғаны жылына 60 мың теңге салық төлеген. «Екі жұлдыз», «Ұлытау» тойханаларының егесі бір болғанмен өткен жылы осы екі нысанға 380 мың теңге төленген. Ал бұл нысандардың мүлік салығы 7,8 миллион теңге болуы тиіс. Екі тойхана жалдамалы жұмысшы ретінде 3 адамды ғана белгілеген. 

Тойханалардың артында бас салықшы айтқандай «беделді азаматтар» тұр. Олар облыстық мәслихат депутаттары, облыстық, қалалық әкімдіктегі танымал шенеуніктер екенін елдің бәрі біледі. Жиында бірақ олардың аты-жөндерін департамент басшысы Нұралхан Көшеров көпшлікке ашып айтқан  жоқ. Неге? 

Жиында салықтан жалтарып жүр деген бірнеше тойхананың аты аталды. Солардың бірі «Қазақстан-2030» тойханасына біз кешегі арнайы бардық. Өзін зал күтушісімен деп таныстырған Айнұр Мұқашева бұл жайлы мейрамхана директоры Алтынкүл Иманбекқызынан сұрауды өтінді. Ал директор салық мәселесіне қатысты сұрақтарға тек қожайын жауап беретінін айтты. Артынша тойхана иесі, Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Дәурен Ахметов бізге өзі хабарласты. 

– Облыстық маслихаттың депутаты ретінде салық жөніндегі жиналысқа өзім де қатыстым. Ол кезде үндемедім. Жиын аяқталған соң сол жерде отырып Абай аудандық салық басқармасына телефон шалдым. Салық төлегенімді айтып «бұл қалай?» деп сұрасам «сіз төлегенсіз, бірақ жаңадан соққан соң ғимараттың бағалау құнын жасамағансыздар» деді. Олар бұрынғы ескі ғимарат бойынша есептеген. Екі жыл бұрын толықтай бұзып, қайта салынғалы бағалау құны жасалынбапты.  Мүлік салығына 1 пайыз алмай ма, біздің мейрамхана 360 миллион теңгеге бағаланғандықтан, жыл сайын 360 мың теңге салығын төлеп жүрміз. Анықтамасын көрсете аламын.  

– Жиында тойханалардың бағалау құнының дұрыс еместігі  айтылды... 

– Иә, басқа тойханалардың бағалау құнын азайтып көрсетілгені мысал ретінде айтылды. Біз алғашқы кезден бағалау құнын жоғары белгілегенбіз. Салық мамандары уақытылы ескертулері керек. Қазір жаңа ғимарат бойынша  бағалау құнын есептетіп жатырмыз. 

Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ,

"Рейтинг" газеті


Жарнама орны

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Атаулы әлеуметтік көмек қалай беріледі?
  • Қазақстанда бірнеше министрліктің сайты жұмысын тоқтатады
  • Доңыз жылында Қазақстанды не күтіп тұр?
  • Келесі жылы доллар бағамы 400 теңгеге жетуі мүмкін
  • Сайлауда 90 пайыз дауыс алған ешкім жоқ