Сайлауалды дайындық пысықталып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Oinet.kz 13-05-2024 1500

180524.jpg

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастырумен 15-мамыр күні онлайн түрде ZOOM платформасы арқылы 2024 жылғы 19-мамырда Сайрам ауданы, Қарасу ауыл округі бойынша өтетін әкім сайлауын әзірлеу мен өткізу кезеңіндегі сайлау комиссиясының жұмысы туралы оқу-семинары өткізілді.

Семинар барысында сайлау комиссиясының мүшелеріне бақылаушылармен жұмыс жүргізу тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Өйткені сайлауды бақылау сайлау құқығын қамтамасыз етудің маңызды элементі және қоғамдық бақылау тетігі болып табылады. Қазақстан Республикасының заңнамасында сайлау күні сайлау комиссияларының жұмысына байқаушылардың қатысуы көзделген. Байқаушылардың қызметі, құқықтары мен міндеттері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-1 және 20-2-баптарымен реттеледі.

Байқаушылардың құқықтары мен міндеттері көп жағынан ұқсас екенін атап өткен жөн. Халықаралық байқаушылар сайлау процесінің барлық кезеңдерінде сайлау комиссияларына қатысуға құқылы, отандық байқаушылар сайлау күні учаскелік сайлау комиссиясында тіркелген сәттен бастап байқаушы мәртебесіне ие болады. Сайлау учаскесіне бір мезгілде қатысатын халықаралық байқаушылар мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің саны шектелмейді. Ал, отандық байқаушылар, кандидаттардың сенімді тұлғалары, саяси партиялар және отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бір мезгілде тек бір ғана өкілі қатыса алады, әрбір телеарнадан үш өкілден аспайтын қатысуға жол беріледі.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-бабы 8-тармағына сәйкес дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін сайлау учаскесінде бір мезгілде Қазақстан Республикасының өкілдері – саяси партиядан сенім білдірілген бір-бір адамнан, әрбір бұқаралық ақпарат құралдарынан бір-бір өкілден, бірақ әрбір телеарнадан 3 өкілден артық емес, әрбір саяси партиядан, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестігінен, коммерциялық емес ұйымынан бір-бір байқаушыдан қатысуға құқылы. Ал, шетелдік ұйымдар мен шет мемлекеттердің өкілдері (шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік БАҚ өкілдері, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін сүйемелдейтін аудармашылар) санына шектеу жоқ.

Дауыс беруге арналған үй-жайда кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарында сайлау комиссиясы берген сенім білдірілген адамның куәлігі, жеке куәлігі өзімен бірге болуы тиіс. Қазақстан Республикасының саяси партияларынан, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінен, басқа да коммерциялық емес ұйымдарынан байқаушыларынан байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталған тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетілген құжат, жеке куәлік талап етіледі. Құжаттар сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға ол туралы деректерді есепке алу журналына енгізу жолымен байқаушыны тіркеу үшін ұсынылады.

Саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарын, байқаушыларды және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тіркеу журналда олардың дауыс беруге арналған үй-жайда болу уақытын көрсете отырып, сайлау учаскесіне келгеннен кейін дауыс берудің барлық кезеңі ішінде өтуі маңызды!

Байқаушылар сайлау комиссиясының отырысына қатысуға, дауыс беруге, соның ішінде үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға, дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде тиісті сайлау учаскесінің дауыс беруге арналған үй-жайында болуға, тасымалданатын сайлау жәшігін бақылап жүруге, соның ішінде оларды тасымалдау кезінде көлік құралында болуға, сайлау учаскесінде дауыс беру барысын, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін ресімдеу рәсімін байқауға, тиісті сайлау комиссиясының және (немесе) оның мүшелерінің шешімдеріне, іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға, сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруін өткізу кезінде қатысуға, учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерін санауы және жоюы кезінде қатысуға, дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға, дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға, дауыс беру өткізілгеннен кейін дауыс беру қорытындылары туралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысуға, олардың куәландырылған көшірмелерін алуға, сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын осы Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға бұзушылықтар туралы тиісті жазбаша мәлімдемелерді, актілерді табыс етуге және табыс еткені туралы белгі соқтыруға құқылы.

Сайлау комиссиясының төрағасы, оны алмастыратын адам сенім білдірілген адамдардың, байқаушылардың өтініштері бойынша дауыстарды санау хаттамасына олардың жасаған актілерін қоса беруге міндетті.

Байқаушылар олардың жеке басы мен өкілеттігін куәландыратын құжаттарын өздерімен алып жүруге, сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдерді қабылдау рәсіміне араласпауға, сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауға, сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға, өз ескертулерін құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілермен негіздеуге, Конституциялық заңның және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға, алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге, фото, аудиожазба және бейнежазбаны жүзеге асыру және тарату кезінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талаптарды сақтауға міндетті.

Сенім білдірілген адамдар Қазақстанның саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушыларының құқықтарын иеленеді, міндеттеріне ие болады.

Учаскелік сайлау комиссиясының байқаушыларымен өзара іс-қимылы мәселелерінде байқаушылардың орналасқан жерін анықтау маңызды болып табылады. Дауыс беруге арналған үй-жайда ең бастысы сайлаушы болып табылады, ал учаскелік сайлау комиссиясы заңмен оның еркін білдіруіне және дауыс беру құпиясын қамтамасыз етуге барлық жағдай жасауға уәкілетті. Осы учаскелік сайлау комиссиясының шешіміне байланысты бюллетеньдер берілетін орындар, жасырын дауыс беруге арналған орындар және дауыс беруге арналған жәшіктер бір мезгілде олардың көз алдында болуы үшін байқаушылардың орналасқан жерлерін айқындаған жөн.

Дауыс беруге арналған үй-жайдағы дауыстарды санау жүргiзiлетiн столдар учаскелiк сайлау комиссиялары мүшелерiнiң iс-әрекетiн үй-жайдағы қатысушы барлық адамдардың көрiп отыруы қамтамасыз етiлетіндей етiп орналастырылады. Дауыстарды санау кезiнде қатысатын сенiм бiлдiрiлген адамдар мен байқаушылар дауыстарды санауды бюллетеньдердегi белгілердiң көрiнiп тұруы қамтамасыз етiлетiндей қашықтық пен жағдайда байқап тұрады.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Комиссия қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге, дауыс беру және сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде қатысқан адамдарға учаскелік сайлау комиссиясының орындайтын барлық іс-қимылдардың тәртібін түсіндіруге міндетті.

Сайлау күні сайлаушылардың дауыстарын санау сайлау процесінің маңызды сәттерінің бірі болып табылады. Бұл жұмыс учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің асығыстық пен күйгелектікті болдырмай, ерекше ықыластылығы мен зейінін талап етеді. Заң шығарушы сайлаушылардың дауыстарын санау үшін 12 сағат үздіксіз уақыт бөлуі кездейсоқ емес.

Дауыстарды санау байқаушылардың, сенім білдірілген адамдардың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі. Барлық санау процедуралары ашық және дауыстап жүргізіледі.

Оқу барысында сайлау учаскелерінде сайлаушылардың тізімін заң талаптарына сәйкес жасақтау туралы біршама ақпараттар беріліп, учаскелік сайлау комиссиялары тарапынан туындаған сұрақтарға жауаптар берілді.


Сайлау жүйесіндегі өзгерістер елді дамуға бастайды
Түркістан: Республикалық экоакция Қазығұрт ауданында жалғасты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу