Тыл ардагеріне құрмет

Oinet.kz 03-05-2024 401

1.jpg 

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, №2 емхана мамандарымен бірге құрметті тыл ардагері Валентина Соколованың шаңырағына арнайы барды. Бұл туралы Шымкент қаласының Коммуникациялар қызметі хабарлады.

Аяулы анамызды алда келе жатқан ұлық мерекемен құттықтаған сала мамандары ардагерден саулық сұрасып, сыйлықтарын табыстағаннан соң, оның қиын-қыстау жылдарда бастан өткерген оқиғаларын тыңдады. 1937 жылы 31 мамырда дүниеге келген Валентина Соколова медицина саласында фельдшер мамандығы бойынша білім алған. 1972жылдан 1992 жылға дейін Туберкулезге қарсы диспансерде хирургия бөлімінде аға медбике қызметін атқарған ол, 1992 жылы құрметті зейнеткерлікке шыққан. Талай жылдық табысты еңбегінің арқасында "Совет одағының денсаулық сақтау үздік медбикесі" төсбелгімен марапатталған.

Сонау соғыс жылдарында батырларымыз от пен оқ арасында ел қорғаса, Валентина Петрқызы сынды елжанды арулардың ерен еңбегі жеңістің жарқын күндерін жақындатты. Тыл ардагерінің бұл ерлігін бүгінгі ұрпақ ұмытпақ емес. Айта кетейік, қаламыздағы №2 емхана мамандары ардагердің үйіне тұрақты түрде барып, оның денсаулығынан хабар алып тұрады. Алдағы мерекеге орай арнайы құттықтап келген медицина саласының мамандарын ерекше қуанышпен қарсы алған ол, қонақтарға алғысын білдірді.

Өз кезегінде №2 емхана мамандары тыл ардагері тұратын үй маңында тазалық жұмыстарын жүргізді. Ондағы тал-дарақтарды ақтап, айналаны артық қоқыстан арылтты.

Айта кетері, бүгінде Шымкент қаласында Ұлы отан соғысына қатысқан  екі ардагер тұрады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қала мәслихатының кезектен тыс сессиясының күн тәртібіне Жеңістің 79 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне көрсетілетін көмек көлемін 1 329 120 теңгеден (360 АЕК) 2 000 000 теңгеге (542 АЕК) дейін арттыру мәселесін шығаруды тапсырды.

Тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетіледі. Өткен жылы оларға 41 400 теңге (12 АЕК) төленсе, биыл бұл сома 55 380 теңгеге (15 АЕК) ұлғайтылды. Қалада 1872 тыл еңбеккері ақшалай төлем алады.


«Өнегелі ұрпақ»: Ардагерге құрмет көрсетілді
«Өнегелі ұрпақ»: «Қариясын сыйлаған елде қасиет бар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу